Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы жағдай туралы: Әуежайды басып алуға 800 адам қатысқан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев Алматы әуежайын 800 адам шабуыл жасағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаланың әртүрлі аудандарындағы наразылық білдірушілердің көптеген топтары патрульдік полиция өкілдеріне шабуыл жасады. Олар 7 қару-жарақ дүкенін басып алып, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді иемденген.

Тіпті қоғамдық көлікті, коммуналдық техниканы басып алып, құқық қорғау күштерінің жасақтары таралып, қызметкерлерге қолдан жасалған жанғыш қоспалар лақтырып, оқ жаудырды.

Қызметтік автокөліктерді, соның ішінде өрт сөндіру машиналарын өртеді», - деді министрдің міндетін атқарушы.

Сонымен қатар, ол зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін жанжал болған жерге келген жедел жәрдем көліктеріне кедергі жасағанын айтты

«Осыдан кейін қалалық әкімдік ғимараты мен телеарналарға бірнеше рет шабуыл ұйымдастырылды.

«5 қаңтарда Алматы қаласының барлық шет аймақтарынан бір уақытта қала орталығына алаңға келген 20 мыңға жуық адам жиналып, әкімдік ғимаратын басып алуға әрекет жасады. Сонымен бірге олар жақсы қаруланған және ұйымдастырылған. Сан басымдығына байланысты олар бірнеше қорғаныс елдеуін бұзып өтіп, ғимаратқа кірді. Кездейсоқ құрбандардың алдын алу үшін полиция шегінуге мәжбүр болды.

Сонымен бірге мүлік жойылып, тоналды, ғимараттар өртенді. Полиция қызметкерлері мен әскери училищенің курсанттары соққыға жығылып, олардың арнайы құралдары мен нысанды киім-кешектері тартып алынды.

Сонымен бірге қарулы қылмыскерлер қала көшелерінде беталды оқ жаудырып, полиция қызметкерлерін, әскери қызметшілерді және жай өтіп бара жатқан адамдарды өлтірді», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Оның мәліметі бойынша, қаладағы әуежайды басып алуға 800 адам қатысқан.

«800-ге жуық қылмыскер халықаралық әуежайды басып алды. Салдарынан ұшіп кетуге тиіс 60 рейс пен ұшып келуге тиіс 56 рейс тоқтатылды. Бұл көлік коллапсын туындатып, Алматы қаласында жолаушылар үшін үлкен проблемалар туындады.

Әуежай ғимаратындағы барлық сауда дүңгіршектері мен дүкендер, кассалар тоналды.

Сонымен қатар, наразылық білдірушілер барлық жерде кәсіби дағдылары бар екенін көрсетті. Олардың іс-әрекеттерінде тәртіп пен ұйымшылдық байқалады.

Жүрген жерлерінде және шабуыл алдында бейнебақылау камераларын істен шығарып отырған. Жолдарға тосқауыл мен бақылаушылар қойылды. Өз әрекеттерін үйлестіру үшін радиостанцияларды қолданды», - деді министрдің міндетін атқарушы.


Соңғы жаңалықтар