Ерлан Тұрғымбаев Ақтөбедегі учаскелік бекеттің жұмысымен танысты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеге жұмыс сапарымен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев келді. Бұл туралы ҚазАқпарат ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жеке құрамымен кездесті. Кездесуде ол қазіргідей күрделі жағдайда полицияның жауапкершілігі айтарлықтай артып, учаскелік инспекторлардың жұмысы айырықша мәнге ие болғанын атап өтті.
Ведомство басшысы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмысқа қарсы күрес, ұйымдасқан қылмыс пен есірткі қылмысына, ұрлыққа, оның ішінде мал ұрлығына қарсы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, қызметкерлердің алдына бірқатар нақты міндеттер қойды.
«Жалпы Ішкі істер министрлігіне елдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бойынша үлкен міндеттер жүктеледі. Министрліктің қазақстандық қауіпсіз қоғам құруға қосқан үлесі өте маңызды. Біздің барлық жұмысымыз еліміздегі тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, қылмысқа қарсы күреске, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталуы тиіс. Азаматтардың қауіпсіздігі барынша қамтамасыз етіліп, халықтың тыныштығы сақталуы өте маңызды», - деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
Министр Ақтөбе қаласының учаскелік полиция инспекторларының жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, учаскелік пункттерді аралап көрді. Жергілікті полиция қызметкерлері заманауи технологиялардың мүмкіндігі туралы айтып берді. Ерлан Тұрғымбаев облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесу барысында құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полицияға қолдау көрсеткен жергілікті атқарушы органдар басшыларына алғысын айтты. Мемлекет басшысының «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметіне реформа жүргізуді тапсырғанын ескере отырып, министр мен әкім учаскелік полицияны материалдық-техникалық жарақтандыру және оның өнімді қызмет атқаруына жағдай жасау мәселелерін талқылады. Учаскелік инспектор нақты аумақта қылмыстың алдын алу, халықпен өзара байланыс жасау және олардың мәселелерін жедел шешу үшін тынбай еңбек етуі тиіс. Өз кезегінде жергілікті атқарушы орган оларды учаскелік бекетқа қажетті ғимарат бөлу, салу ісі тоқтамауы тиіс.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласында 125 учаскелік полиция инспекторы мен олардың 14 көмекшісі жұмыс істейді. Облыс орталығында 25 және аудандарда 145 учаскелік полиция пунктінің ғимараты бар.
- Ақмолалық тәртіп сақшылары жолда қалған жүргізушіге көмектесті
- Полицейді көлік капотында сүйреген ақмолалық 5 жылға сотталды
- Қостанайда «бомба қойылды» деген үйдің тұрғындары уақытша эвакуацияланды
- Түркістан облысында құны 1 млн теңгеден астам күркетауықтарды ұрлап кеткен
-
Ақтөбеде мұнай өнімдерін ұрлап, Ресейге сатқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты
-
Ақтөбе тұрғыны банк өкілімін деп хабарласқан адамға сеніп, 1,2 млн теңгесінен айырылды
- Елбасы жолдауы
- Жолдау жүктеген міндеттер
- Қазақстан тарихы
- Әлемдік БАҚ Қазақстан туралы
- Жаңа индустрияландыру
- Болашаққа 100 қадам