Ерлан Сыдықов: Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның өрісті өресі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының жаңа мақаласы - ұлттық абырой бастауын нұсқайтын, елді өнеге өрісіне бастайтын жол. Мұндай пікірді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасының Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт өлшеміне, тарихи сананы жаңғырту жайына ерекше тоқталуы қоғамымыздың жаңа белесін, жауапты дәуірге қадам басқанын аңғартады. Біз алдымен қазіргі күрделі замандағы әлем мен елдің жасампаздық күрес қағидасының арғы бастауынан, қилы жолынан сабақ алып, озығы мен өнегесін бойымызға сіңіруіміз керек», - деді университет басшысы.

Оның атап өтуінше, Ұлт көшбасшысы бұдан бұрынғы еңбектерінде тұтас қоғамның және Қазақстаннның әрбір азаматының санасын жаңғыртудың бір¬неше бағы¬тын атап өткен болатын. Мәселен: бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму, сананың ашықтығы сынды жаңашыл ұғымдардың, өмір сүру қағидаттарының мәніне тоқталған-ды.

«Мемлекет басшысының жаңа мақаласы - ұлттық абырой бастауын нұсқайтын, елді өнеге өрісіне бастайтын жол, жаңғырған Қазақстанның баянды бағдары. Мақаладағы сүбелі ойлар қатарында ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт, атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, алма мен қызғалдақ отаны ұғымының мәні, сонымен қатар тарихи сананы серпілту мақсатындағы «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» секілді ұлттық жобалар мен идеялардың қоғам талқысына салынуының және атқарушы билікке тапсырылуының жөні де, жүйесі де айрықша. Бұл - әлем таныған елдің арғы тарихы әлеуетін аңғарту. Бұл - жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның өрісті өресі», - деді Ерлан Сыдықов.

Соңғы жаңалықтар