+7 (701) 759 90 19
USD 421.58 EUR 496.83
RUB 5.53 CNY 62.2
Jańalyqtar

Ерлан Сыдықов: Мыңжылдықтарға жалғасқан тарихи-мәдени сабақтастықты дәлелдеу - басты міндет

2019 жылғы 25 қараша 15:44
Бөлісіңіз:
Ерлан Сыдықов: Мыңжылдықтарға жалғасқан тарихи-мәдени сабақтастықты дәлелдеу - басты міндет

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен басталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, бұл – шын мәнінде, ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба. Ол қоғам тіршілігінің барлық саласын қамтитындығымен бірегей. Оны қазіргі кезеңдегі және ұзақ мерзімді перспективадағы қазақстандық қоғам дамуының өзіндік идеалогиялық платформасы деп батыл айтуға болады. Қоғамдық сананың жаңаруы ортақ әлеуметтік кеңістікте өмір сүріп жатқан халықтың қажеттіліктерімен тікелей байланысты. Бұл ретте, Қазақстан азаматтарының қоғамдық санасының мазмұны олардың мүдделерімен, идеяларымен, құндылықтарымен тығыз байланысып, мәдениет, мінез-құлық тәжірибесі, салт-дәстүр, ғылым, адамгершілік императивін қоса алғандағы рухани негіздерге арқа сүйейді.

Осы орайда арнаулы тілшіміз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарихшылар ұлттық конгресінің төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықовпен сұхбаттасқан еді.

- Ғаламдық өркениет аталатын кең ұғым астарында біздің халыққа өте жақын тарихи жайттар мол! Әлемдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени өрістердегі түбегейлі өзгерістер жаһандану үдерісінде әрбір мемлекет, әрбір ұлт үшін сын және жаңа ізденістерге жол ашатыны ақиқат. Сондықтан бұл санаттағы шақырулар мен жаңарулар лебі біздің қоғамды шарпитыны және шындық. Ерлан Бәтташұлы, әңгімеміздің әлқиссасын осы төңіректен бастасақ?

- Біздің қоғамның кең масштабта әлі де болса толыққанды қамтылмаған өзіндік ресурстары бар. Біздер сол тың ресурстарды еліміздің тұрақтылығы мен қоғамның тұтастығын сақтау мақсатында игілікті, ізетті және зайырлы контексте іске қосуымызға толық негіз бар. Ол ресурстың түпкі мәні барлық тарихи кезеңде кез-келген мемлекеттің бет бейнесін қалыптастырған және қоғамның рухани-мәдени сұранысына лайық жаңа идеялар мен идеалдар ұсына білетін Тұлғалар тарихында.

Әлеуметтің жалпы дамуында Тұлғалар рөліне назар аударып, ұдайы сенім артатыны да содан. «Ұлы Дала Мұралары» контексінде Қазақ халқының болмыстық тамырын жан-жақты аспектіде жаңғыртуға ықпалы зор тарихи үдерістер бар. Сонымен қатар, кемел істер Тұлға есімімен астасып жататыны ақиқат дүние.

Кеше ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзі зерттеуге бастама ұсыныс жасаған Жошы тұлғасы және оның құрған Ұлысы тарихын Ұлы Даланыңжасампаз тарихымен өте тығыз астасып жатқаны да шындық дүниесі.

«Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры»бағдарламалары арқылы халқымыз өркениетті ұлт атанудың жасампаз жолына түсті. Ұлттық тарихтыдәйекті нақыштаудың жолына түстік. Тарихымызда ойып тұрып орын алған Тұлғалардың тарихын тереңінен зерделеуге кірістік. Бүгінгі күні «Ұлт», «Ұлыс», «мемлекет», «ел»сөздерінің ұғымы ортақ және оның астарында: біртұтас территория, бірыңғай мемлекеттік тіл, жалпыұлттық мәдениет, ұлттық мінез және ұлттық сана деген қастерлі түсініктер жаңаша сипаттамазмұндалуда.

Біз тәуелсіз елміз. Оны қадір тұтамыз, қастерлейміз. Ең бастысы, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтаймыз! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бұл туралы: «Мемлекеттік тәуелсіздік – тарихтың сыйы немесе тек қазіргі ұрпақтың ғана меншігі емес. Ол – өткеннің алдындағы борыш және келешектің алдындағы жауапкершілік», - деген болатын.

Әлемдегі елдердің тарихына көз жіберсек, расында да, мемлекеттер тағдыры сол мемлекеттерді құрайтын адамдар тағдырына ұқсайтынын байқаймыз. Олар да адамдар сияқты пайда болып, өсіп-өркендеп, кейбіреулері әлсіреп, енді біреулері із-түзсіз жер бетінен жоғалып, қайсыбіреулері дамып, гүлденіп, жалпақ жаһанға танымал болып, айбыны асқақтап, мерейі тасып жатады.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрылғанына биыл жиырма сегіз жыл болады. Бүгін біз әлемдік қауымдастықта дүниежүзі мойындаған тәуелсіз елміз.

Тарих тереңіне көз жіберсек, біздің қазақтың да бір кездері еркін елі болған, өзгелермен иық теңестірген, әр алуан саяси, экономикалық, мәдени байланыстар жасаған қабілетті мемлекеті болған. Ол мемлекетті басқа елдер мойындаған, бір елдер қолдау көрсетсе, енді бір ұлыстардыңбіздің аталарымыздың жәрдеміне зәру болғанын тарих қойнауынан жеткен деректер растайды. Ата ұрпақтуралы халық жадында әр алуан аңыздар мен жырлар сақталған.

Қазақ хандығы дәуірімен мақтанатын да сонымен қатар, қаперімізге тоқып алып, сақтық жасайтын жақтарымыз да бар. Қазақ хандығының 550жылдығы өткен тарихтағы мемлекеттігімізді зерделеуге, одан сабақ алуға жетеледі.

Бірақ біз тек Қазақ хандығы дәуірімен ғана шектеліп қалмауымыз керек.

Біздің одан арғы тарихымыз бар. Және ол тарих аса бай, жасампаз тарих. Өткен тарихты білмей бүгінгіні дұрыс жолға сала алмас едік, бүгінімізді қадыр тұтпасақ, ертеңнің де баянды болуы екіталай.

- Ерлан Бәтташұлы, тарихтың тереңінен тартқан тұжырымдамаңызды сабақтастырайын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ұлттық идеяның тұжырымы ұлттық тарихи кеңістікте жатыр» деген сөзі қаперіме түсіп тұр. Осынау ғасырлар қойнауынан бүгінге дейін жол тартқан рухани қазынаны – «төл тарихты» қоғамымыз мемлекет мүддесімен бірлікте қарастырғанына тоқталып өтсеңіз.

- Отандық тарихтағы негізгі оқиғалардың мазмұны туралы ғылымидәлелденген фактілер негізінде міндетті толық білім беру тарихшылардыңбасты қызметі деп санаймын. Тарихи-мәдени дамудың үздіксіздігі мен сабақтастығын дәлелді көрсету гуманитарлық сала өкілдерінің ұлт алдындағы басты міндеті деп білемін.

Рухани мұрагерліктіңтерең тамырларын, бұрынғы ұрпақтың қажырлы еңбегін, халықтың жеке тұлғаларын, тарихи тәжірибені және ұлттық дәстүрлерді құрметтейтін жастардың ұстанымын қалыптастыру бүгінгі біртұтас қоғамымыздың өлшеусіз парызы болмақ.

Қоғамғаықпал етуші, әрі мемлекеттіміздің зияткер әлеуетін қалыптастырушы және жаңа идеяларды беретін де Ұлт тарихы екендігі ақиқат шындық.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тың ұсыныстары елімізде тарихқа деген жаңа сипатты және аса мазмұнды көзқарасты қалыптастырды. Ұлттық-мемлекеттік идеологияны қазіргі заман тудырып отырған мәселер арнасында өрелі тұрғыда түзуге негіздеме салып берді. Осы тұжырымдаршеңберінде кең көлемді және жаңа мақсат-міндеттерді шешуге бағытталған тың жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі туындады.

«Қазақ мемлекеті және оның тарихи негіздері» идеясын концептуалды тұрғыдаодан сайын негіздеді. Отандық тарихтың зерттеулер қалпын анықтайтын және бағыт-бағдар беретін идеялар мен ұсыныстардың кешені қайтадан түзіле бастады. Жаңа қалыптағы методология арқылы тарихтың қатпарын аршу арқылы тасқындап келетін идеяларды және қазіргі қазақстандық қоғамда туындаған идеяларды ұлттық-мемлекеттіккомпоненттер контексінде қорыту мүмкіндігі туындады.

Бүкіл қоғамда отандық тарихқа деген жаңа серпіліс және тарихшы-ғалымдар, тарихшы-оқытушылар мен тарихшы мұғалімдерге кәсіби белсенділік әкелді.

Мемлекет басшысы бастап берген тарих тақырыбы жаңа зерттеулік жобалармен жалғасатыны сөзсіз.

Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси әлеуметтік жүйесінің жаңаруында, зияткерлік қоғамның жасампаз тұлғасын қалыптастыруда және ұлттық тарихтың жаңа белестерін зерттеуде тарихи сабақтастықтың болуы заңдылық.

- 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Биыл Отанымыз сегізінші рет мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнін атап өтіп отыр. Тарихи сенімділік – біздің ұлы тірегіміз. Тәуелсіздіктің жылға бергісіз күндері мен ғасырға бергісіз жылдарында қалсыптасқан Қазақстандық билік формасының институтына қөзқарасыңызды білсек деп едік?

- Президенттік билік пен тәуелсіздіктің 28 жылдық тәжірибесі Қазақстан үшін осы басқару формасының тиімді екенін дәлелдеп, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.

Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан Республикасы Орталық Азия өңірі мен ТМД-да алдыңғы орынға шықты. Әлеуметтік-бағдарлы экономикалық бағыттағы бастамаларымыз заманауи, қарқынды дамушы мемлекет құруды қамтамасыз етті.

Осыдан 22 жыл бұрын Президентіміз ел дамуының даңғыл жолын байыптайтын ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасын ұсынғаны мәлім. Салмақты құжатта өткен күндер бағамдалып, болашақ еншісіндегі іргелі істер межеленді. 1997 жылы осы бағдарламаны жария еткенде Елбасымыз: «Біз нені құрғымыз келеді, таңдаған мақсатымызға жеткізетін дамуымыздың траекториясы, магистралі қандай болуы тиіс, соны анық білуіміз және айқын түсінуіміз керек» деген еді. Айтқаны айнымай келді. Қазақстан халқы аянбай еңбек етіп, елдік әлеуметтік-экономикалық дамуы көш бастап келеді.

Осы орайда айта кеткен жөн, еліміздің астанасында өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезінде партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаев түсетінін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы 20 наурызда Қазақстан президенті лауазымын иеленіп, одан бір күн бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатты. Бұл көрегендік қана емес, үлкен сенім!

2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында өзінің алғашқы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнады.

Ертеңгі бағытын, жүретін жолын, өсу жолындағы мұратын анық білген елдердің қандай жеңістерге жеткенін тарихтан білеміз. Біздің еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп жатқанда алдағы 30 жылын ойласа, енді жүрісін дұрыстап, тынысын жөндеп алғанда сындарлы мұраттарды алға қойды. Сындарлы мұрат деген халықтың жағдайы, Сындарлы мұрат деген елдің өрлеуі, Сындарлы мұрат деген жарқын өмір.

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын баса айтты.

«Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз. Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлауалды бағдарламамның негізі болды. Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде. Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Өз басым бұны көргенділік пен cенім деп қабылдадым!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қасиетті Отанымызды дамыту жолында елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті темірқазық етіп алды. Әсіресе, елімізді Еуропа төріне шығаруда Тұңғыш Президент еңбегі ересен. Бүгінде Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық қуаты күшті, маңызы зор мемлекет ретінде мойындалып отыр. Дәлелмен айтсақ, Азиада алауын жағуымыз, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, халықаралық саммит өткізуіміз, Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Шанхай Ынтымақтастық ұйымдарына төраға етуіміз, әлемдік дін қайраткерлері съезін тұрақты ұйымдастыруымыз, халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесін ұйымдастыруымыз – бәрі де зор мақтаныш, айрықша абырой.

Осы күнге дейінгі жетістіктеріміз Қазақстанның болашағын жаңаша межелеуге мүмкіндік беріп отыр. Келесі кезеңде, яғни 2050 жылға дейінгі Стратегияда инновация, өндірістік-экономикалық серпін темірқазық етіп алынады. Бұйырса, таяу болашақта халқымыздың өмір сүру сапасы орташа еуропалық деңгейге сәйкеспек. Ұлт көшбасшысы мұны сеніммен айтты, халық елдік іске бір кісідей жұмылды.

Елі қадірлеген, әлем ардақтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бар қажыр-қайратын, парасат-пайымын мемлекетіміздің игілігіне жұмсап, уақыт көшінен алға озып, келер ұрпаққа жарқын өмірдің негізін қалап жүргенін халықаралық қырағы сарапшылар мен саясаткерлер жазып-бағалап келеді.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы желтоқсан айында өткен Қа­зақстан ха­лқы фору­мын­да еліміздегі бірлік пен келісімнің ұйытқысы - Қазақстан халқы Ассам­блея­сын құру туралы бастама көтер­ді. Бүгінде Ассамблея қызметі Елбасы үмітін ақтағанын елдегі береке-бірліктен көрінеді. Әр этнос өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тіршілік етіп, жасампаздық туын жоғары көтерді. Бұл ретте осы нәзік саланы ғылыми-әдістемелік жағынан қолдау үшін республикада тұңғыш рет арнайы кафедра Еуразия ұлттық университетінде ашылды. Қазір республика бойынша осындай кафедралардың саны 30-ға жуықтады. ҚХА кафедралары бірлік пен баяндылықты сараптайтын ғылыми-тәжірибе алаңдарына айналды.

Ал Астана экономикалық форумы - Еуразия кеңістігінде жыл сайын өтетін салмақты шара екені белгілі. Осы жиынға әлемдік экономикалық қауымдастық өкілдері, қазіргі және бұрынғы мемлекет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылым әлемінің ғұламалары мен ірі кәсіпкерлер келеді. Ұлт Көшбасшысы осыдан 8 жыл бұрын ел тәуелсіз­ді­гі­нің 20 жылдығы салтанатында Астана экономикалық форумы­ның негізінде «G-global» сұхбат алаңын құруды ұсынды. Бүгінде осы сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен 10 мың­нан астам қатысушыны бі­рік­тірсе, Қазақстандағы осы шараның жуан ортасында Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары мен білім алушылары жүргенін мақтанышпен айтамыз.

- Осы тұста өзіңіз басшылық ететін оқу орнының тыныс-тіршілігі туроалы да айта кетсеңіз?

- Қашанда тындырымды істер мен тиянақты нәтижелерді басты мақсат етіп ұстанған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті не қызығушылар көп. Мәселен, бұл ретте студенттер санының артуына байланысты жаңа жатақхана салатынын айтуға болады.Бес қабатты 2467 орынға арналған үш заманауи Студенттер үйі Ахмет Байтұрсынов және Кенен Әзірбаев көшелерінің қиылысынан бой көтермек. Бұл Елбасының бес әлеуметтік бастамасы негізінде жүзеге асқалы отыр.Олай дейтініміз,Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында студенттерді жатақханмен қамтуды толықтай шешуді тапсырған болатын.

«Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді», -деді Елбасы.

Бұл білім саласының басшыларын ғана емес, еліміздегі барлық студент-жастарды және олардың ата-аналарын қатты қуантты. Демек, 2019-2020 жыл жоғары оқу орнымыз үшін табысты жыл деуге негіз бар. Қазіргі таңда болашақта салынатын жатақханалардан бөлек, бас ғимарат пен оқу-зертханалық ғимараты арасынан заманауи спорт-сауықтыру орталығының құрылысы басталып кетті.

Алдымыздағы басты мақсат – еліміздегі қолға алып отырған жаңа реформаларға байланысты университетіміздегі білім беру мен ғылыми жұмыстарды әлемдік стандарттарға сай жетілдіру, оқу-әдістемелік бағдарламаларды жаңарту, жақсарту. Қазіргі инновациялық талаптарға сай сапалы мамандар дайындау жұмыстары жан-жақты жалғасын табады. Факультеттер мен кафедралардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, елімізге қажетті сапалы мамандар дайындап беру үшін білім берудің тереңдетілген оқу-әдістемелік жүйелері мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының жаңа бағдарламаларын қалыптастыру басты стратегиялық бағыт-бағдарымыз болып қала бермекші.

-Ерлан Бәтташұлы, салиқалы әңгімеңізге зор ықыласпен рахметімізді айтамыз.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Махат Садық

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT