Ерлан Сыдықов: Мемлекеттік комиссия тындырымды әрі тиянақты жұмыс істейді деп сенеміз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияға материал ұсынып отыратын арнайы ғылыми-зерттеу орталығын ашу маңызды. Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, ҚР Тарихшылары ұлттық конгресінің төрағасы Ерлан Сыдықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жария еткен үндеуі ғылым саласы мамандарынан, соның ішінде тарихшылардан елдік салиқалы тұжырымдама, әлемдік тәжірибеге табан тіреген іс-шаралар кешенін күтеді. Ал, ел Президентінің «Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым. Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады» деген ұстанымы құрылар комиссияның мән-мағынасын, мақсат-міндетін дәл түсіндіріп беріп тұр», - дейді университет ректоры.

Ерлан Сыдықов ең алдымен нақақ жазаланған азаматтарымыздың бәрі ақталып, әділеттілік салтанат құруы керектігін атап өтеді. Екіншіден, бұл комиссия жұмысының өлшемі де, тұжырымдамасы да – Тәуелсіздік құндылығы мен қағидаттары болуға тиістігін баса айтады.

«Осы ретте тарихшылар мен заңгерлер, саясаттанушылар мен психологтар, философтар мен әлеуметтанушылар, ғылымның басқа да салаларының мамандары «Қуғын-сүргіннің мәні, саяси астары, себеп-салдары, тағылымы» туралы ой қорытындыларын күн тәртібіне жаңа қырынан қойып, адамзат тәжірибе-талғамына сай объективті баға бергені жөн. Әрбір ұғым, әрбір түсінік иі қанғанша таразыланып, шегеленіп жазылуы керек. ​Тарихта күрделі мәселелер аз емес. Мәселен, 1956 жылы 30 маусымда советтік компартия орталық комитетінің төралқасы «Жеке басқа табынушылық пен оның зардаптарын жою туралы» қаулы жариялап, елде «жылымық» басталды. Бірақ сол жылдары мыңдаған адам түрмеден, айдаудан келгенімен, сан мың саяси тұтқынды босатуға әлгі қаулының күші жетпеді. Бұл тек саяси себеп пе, субъективті себеп пе?», -деп сауал тастайды ғалым.

Осы орайда Ерлан Бәтташұлы ​1990 жылы 13 тамызда КСРО президенті М.Горбачевтің «20-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің барлық құрбандарының құқын қалпына келтіру туралы» жарлығы жарияланғанын еске алады.

«Нәтижесі қандай болды? Аталған қаралы жылдарды толық сараптау былай тұрсын, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі сынды ұлт республикаларында өткен толқулардың құрбандары туралы бір ауыз сөз де айтылмағаны өз алдына, «бұл жарлықтың Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына қатысы жоқ» дегендей бап жазылды. Міне, осының бәрі – посткеңестік кеңістіктің жүрегінде шемен болып қатып қалған жаралар. ​Әрине, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұрындық болуымен құрылатын «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» сапалы және толық жұмыс істеуі үшін тездетіп оған жүйелі материал ұсынып отыратын арнайы ғылыми-зерттеу орталық ашу маңызды деп санаймыз. Мұндай тәжірибе Польша, Украина, Балтық бойы елдерінде бар. Сонымен бірге осы комиссия қызметіне отандық тарих ғылыми-зерттеу инстиуттары, ұлттық және мемлекеттік университеттердің тарих факультеттері мен ғылыми орталықтары тұрақты аналитикалық жазбалар әзірлеуі үшін мақсатты қаржыландыру көзін тапқанымыз орынды», - деді ол.

Университет ректоры әлем тарихында игі бастамалар идея авторының аты-жөнімен байланыстырылып орнығатындығын атап өтеді.

«Ендеше, «Тоқаев комиссиясы» - тындырымды және тиянақты комиссия болады деп сенеміз. ​Сондай-ақ аталған комиссияның тағы бір айрықша миссиясы бар. Ол – ұлт тарихындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына, оқиғаларына баға беріп, ақтайтын ең соңғы комиссия болуы керек. ​Бұл – Тәуелсіздіктің және елдік-мемлекеттік жаңғырудың абыройлы міндеті ғана емес, басты шарты деп санаймыз», - деді Ерлан Сыдықов.


Соңғы жаңалықтар