Ерлан Саиров: Жолдау Қазақстан қоғамының негізгі сауалдарына жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Квазимемлекеттік компаниялар құруға жарияланатын мораторий ұзақ мерзімді болуы керек. Белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты осындай пікір білдірді.

«Халық Жолдауды үмітпен де, күдікпен күтті. Көріп отырғанымыздай, елдің үміті ақталды. Жолдау Қазақстан қоғамының негізгі сауалдарына жауап берді деп ойлаймын. Президенттің Жолдаудың ең басында қоғамдық-саяси жаңғырту туралы айтуы тегін емес. Жолдау қоғамдық процестерді либерализациялаудың негізгі алғышарты болмақ. Бұл қадам көппартиялы жүйенің іргетасы болуы керек. Елдік мәселелер көшеде емес, Парламентте талқылануы керектігін айту арқылы Мемлекет басшысы осыны меңзеді. Қазақстан аумағындағы жердің шетелдіктерге сатылмауы, саяси процестердің либерализациясы, қоғам мен биліктің диалогы. Осы үш негізгі бағыт алдағы дамуымыздың тірегі болады», - деген саясаттанушы мемлекеттің экономикаға килігуі азаятындығын да жақсылық нышаны ретінде бағалады.

«Мемлекеттің экономикаға араласуы өте жоғары. Нарықтық жүйелерде бұл көрсеткіш шектеулі және мөлшерлі болады. Ал бізде «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры арқылы экономиканың 30-40 пайызы мемлекеттің қолында тұр. Осының бәрін бәсекелі ортаға жіберуіміз керек. Сонда ғана экономикада әртараптану пайда болады. Кеше Президент монополияларды мемлекеттің бақылауынан түгел босату жеке меншік монополияны туғызуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан, қазіргі ең негізгі мәселе, ірі-ірі құрылымдарды бәсекеге жіберген кезде жеке меншік монополияның пайда болмауына жағдай жасау керек. Менің ойымша, квазимемлекеттік компаниялар құруға жарияланатын мораторий ұзақ мерзімді болуы керек», - деді Ерлан Саиров.





Соңғы жаңалықтар