Ерлан Саиров: Түркі елдері ішінде Түркістанның рухани рөлі одан сайын артатын болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістанға көшіру - уақтылы әрі өзекті шешім. Әлеуметтанушы әрі саясаттанушы, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров ҚазАқпарат тілшісіне осылай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында 3 миллионнан астам халық тұрады. Өздеріңіз білетіндей, Оңтүстік Қазақстан - елімізде халықтың саны жағынан ең жоғарғы облыс болатын. Сондықтан, облыс орталығын Түркістанға көшіріп, оның атын өзгерту өте өзекті әрі уақтылы шешім деп айтар едім. Өйткені, Қазақстанда қазір халқы 1 миллионнан астам қалалар аз. Соның бірі - Шымкент. Бұл (облыс орталығын көшіру туралы шешім - авт.) біздің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына өте үлкен көмек болары айқын», - дейді Ерлан Саиров.

Әлеуметтанушының айтуынша, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ары қарай жалғастыру үшін аймақтар мен даму орталықтары керек.

«Шымкент - бүгінгі таңда Орталық Азия елдерімен сауда қарым-қатынасының үлкен бір форпосты. Шымкент қаржылық орталық бола отырып, үлкен мегаполис ретінде Қазақстанның дамуына үлкен үлесін қоса алады. Ал енді Түркістанды облыс орталығы етудің өзіндік маңызы бар. Түркістан бүкіл түркі халықтары үшін рухани рөлі ерекше екендігі белгілі. Сондықтан, аталған шешіммен бірге Түркістан үшін Қазақстан тарихында дамудың жаңа парағы ашылары даусыз. Өйткені, ол - біріншіден қаржы инвестициясы. Екіншіден, адам инвестициясы. Үшіншіден әрине, бұл қаланың Қазақстанға ғана емес, түркі елдері ішіндегі рухани рөлі одан сайын арта беретін болады. Сондықтан қоғам бұл шешімді міндетті түрде қолдайды», - деді Ерлан Саиров.

Еске сала кетсек, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

«Бүгін «Қазақстан Республикасының Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» Заңының тоғызыншы бабына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойғалы отырмын. Бұдан былай бұл өңір Түркістан облысы деп аталатын болады. Осы әкімшілік аумақтың құрылымына өзгеріс енгізу арқылы бұл өңірдің өркендеуіне тың серпін беруді көздеген тарихи құжат болып саналады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар