Ерлан Саиров тікелей эфирде жерге түкіруіне қатысты түсінік берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров тікелей эфирде жерге түкіру оқиғасына түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер депутаттан «тікелей эфирдегі әрекетіңізді олигахтардың бетіне түкіру деп есептейсіз бе?» деп сұрады.

«Міндетті түрде. Егер олигархтар халықтың мұң-мүддесінің бетіне түкіретін болса, онда халықтың олигархтардың бетіне түкіруге толық хақысы бар», - деді Ерлан Саиров.

Сонымен қатар ол өзінің тікелей эфирде жерге түкіруіне түсінік берді.

«Бұл жағдайға қатысты халықтан кешірім сұрадым. Кеше тікелей эфирде тағы да кешірім сұрадым. Бұл рефлекс жағдайында болды, яғни қатты аяз кезінде байқамай қалдым. Бес сағат бойы далада жүргендіктен тоңып қалдық. Халық менің бұл әрекетіме түсіністікпен қарап отыр деп ойлаймын. Кеше түнде Қазақстанның түкпір-түкпірінен қоңыраулар көп болды. Олар мені қолдайтынын айтты», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, тікелей эфирде жерге түкірген Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров өзіне салынған айыппұлды төледі.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты телеарнаның тікелей эфиріне қосылып, Екібастұз қаласындағы апатқа қатысты жағдайды жеткізу кезінде жерге түкіріп жіберген.

Ерлан Саиров олигархтар жылу электр орталығын қайтару кезінде барлық шығынды өтеуі тиіс екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар