Ерлан Саиров: Президент ұсынған саяси реформаларға халық оң баға беріп отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Еуразиялық интеграция институтында «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі: талдамалық зерделеу» сараптамалық баяндамасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баяндаманың таныстырылуына Ұлттық қоғамдық сенің кеңесінің мүшелері Талғат Қалиев, Азаматхан Әміртай, Мұрат Әбенов, сонымен қатар ҚСЗИ өкілдері Мадина Нұрғалиева, Алуа Жолдыбалина қатысуда.

«Біздің елімізде, қоғамда демократияға деген сұраныс арта түсті. Өздеріңіз білетіндей, кейінгі екі жылдың ішінде пікірлер плюрализмі мен көзқарастардың әр алуандығында үлкен өзгеріс бар. Осы серпіліске жауап ретінде өткен жылдың қыркүйегінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған болатын. Ұлттық кеңес жарты жылдың ішінде қандай жұмыс атқарды? Оның жұмысы қоғамға қандай серпін берді? Сонымен қатар халықаралық дәрежеде Қазақстандағы демократия мәселесі немесе еркіндік, бостандық индексіне қандай жақсы әсер бергені жөнінде біраз сараптама жұмыстары керек», - деді Ерлан Саиров.

Оның айтуынша жарты жылдың ішінде Ұлттық кеңес қоғамды елең еткізген жұмыстарды жүргізген.

«Халықаралық дәрежеде ЕЫҰҚ мен БҰҰ, АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Ұлттық кеңестің құрылуына оң бағасын берді. Сонымен бірге желтоқсандағы екінші отырыста елімізді демократияландырудың бірінші пакеті ұсынылған болатын. Міне, осы мәселенің бәрі қоғам ішінде қалай талқыланып жатыр? Қоғам қалай қабылдауда? Осы сұрақтарға жауап беру керек. Жауап берерде саясаттану тұрғысынан белгілі бір зерттеулер жүргізілді. Біздің бүгінгі құжат – әлеуметтік және саяси зерттеулердің нәтижесі», - деді ол.

Ерлан Саиров бүгінгі отырыста жоғарыда институт және қоғам сарапшылары аталған мәселелердің аспектілерін талқылайтынын жеткізді.

«Ұлттық кеңес біздің еліміздегі демократияны, азаматтардың бостандық индексін жоғарылатуға өзінің үлесін қосып отыр. Сарапшылар осылай дейді. Әрине біздің қоғамда Ұлттық кеңеске қатысты әртүрлі көзқарас бар. Біреулер бұл кеңестің жұмысына сын көзбен қарайды. Пікір алуандығы болғандықтан бұл заңды нәрсе. Бірақ сарапшылардың пайымдауынша, Ұлттық кеңес - бүгінгі таңда еліміздің ішінде халықтың өзін-өзі басқаруы, азаматтардың еркіндігі мен бостандығы тұрғысында жасалған үлкен нақты қадам. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынған саяси реформалар пакеті бүгінгі таңда халық арасында оң бағаға ие болып отыр», - деді ол.

Аян Бекенұлы


Соңғы жаңалықтар