Ерлан Саиров фермерлерге субсидия бөлудегі кемшіліктерді атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров фермерлерге субсидия бөлу саласындағы кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аумалы-төкпелі заманда Қазақстанның аграрлық секторы күрделі жағдайға тап болып отыр. Өңірлерде 2022 жылы тауарлық субсидиялар 50 пайыз ғана төленген, инвестициялық субсидиялар 30-40 пайызға төленді, алынған қарыздар бойынша екінші деңгейдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша да осындай жағдай орын алды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған инвестициялық субсидиялар және екінші деңгейдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесін өтеуге арналған жаңа gosagro.kz платформасы толық жұмыс істемейді, мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланбаған, субсидия алуға өтінім қабылдауға қабілетсіз», - деді Е. Саиров Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, өтелмеген қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені өтеу үшін субсидия алу мүмкіндігінің болмауы фермерлердің жағдайын қиындатып отыр. Кәсіпкерлерді субсидиялау қағидатына сәйкес 6% орнына банктерге кредиттің толық мөлшерлемесін, яғни 17-20 пайыз төлеуге мәжбүр етеді.

«Биыл астықты форвардтық сатып алуға бөлінген қаражаттың бұрын-соңды болмаған қысқаруы орын алды. Мәселен, Ақмола облысы бойынша 12 млрд теңгеге сұраныс бола тұра, форвардтық сатып алуға тек 4 млрд теңге бөлінді. Бұл көптеген шаруаларды айналым қаражатынан шектейді. Қазақстандағы астық қоры 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша былтырғы деңгейден 1,5 есе көп болған, майлы дақылдар қоры 22% артқан. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өсірген егіннің едәуір бөлігін сата алмады деген сөз, яғни биылғы егіс жұмыстарын жүргізуге жеткілікті қаражат жоқ», - деді депутат.

Осы орайда ол отандық аграрлық секторды қолдау үшін мына ұсыныстарды жариялады.

1. 2022 жылға арналған субсидиялардың барлық түрі бойынша қарызды қысқа мерзімде өтеу. 2023 жылы субсидияларға өтінім беру жүйелерінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

2. Биыл субсидия төлеу үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қарастыру.

3. Форвардтық сатып алу сомасын былтырғы көрсеткіштерге дейін ұлғайту.


Соңғы жаңалықтар