Ерлан Саиров еліміздегі ең негізгі әлеуметтік проблемаларды атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саиров қоғамдық-саяси процестерді ең өзекті мәселелер бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы жақтастары лигасының құрылуына орай өткен баспасөз мәслихатында Е.Саиров елімізде әлеуметтік және экономикалық проблемалардың көптігіне тоқталды.

«Ең бастысы – әлеуметтік әділдіктің жоқтығы. Бізде мемлекет бай болғанымен, халқы кедей кереғар жағдай орын алып отыр. Жұмыссыздыққа қатысты да өте үлкен проблема бар. Елімізде 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтыса, 400 мыңнан астам адам ресми түрде жұмыссыз саналады. Еңбекке қабілетті халықтың 30 пайыздан астамы еліміздегі ресми және әлеуметтік еңбек процестерінен тысқары қалып отыр», - деді ол.

Сонымен қатар институт басшысы БҰҰ стандартына сәйкес, Қазақстан халқының 19 пайызы кедейшілікте өмір сүріп жатқандығын, ал бұл мемлекетке үлкен ауыртпалық салатындығын баса айтты.

«Ауылдарда да үлкен проблема бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру да проблемаға айналған. Бір ғана мысал келтіре кетейін, небәрі 8 млн халқы бар Израиль 6 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімін экспортқа шығарып отыр. Ал ұлан-ғайыр жері, мол әлеуеті бар Қазақстан экспортқа 800 млн доллардың ғана өнімін шығарады», - деді Ерлан Саиров.

Сондықтан ол «Nur Otan» партиясының алдына саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани мәселелерді қойып, оларды шешуді талап ететіндіктерін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар