Ерлан Саиров Бейруттағы жарылысқа байланысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саиров Бейруттағы жарылысқа байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір кездері Ливан дамыған экономикасы бар гүлденген мемлекет, әлемнің шиеленіскен өңіріндегі бейбітшілік алқабы болған еді. Тек Таяу Шығыстың ғана қаржы және банк орталығы емес-тін. Ішкі саяси айтыс-тартыс, тұрақсыз сыртқы орта өзінің сұрқай ісін жасады. Бүгінде Ливан діни және ұлттық белгілер бойынша секторларға бөлінген. Орталықтандырылған мемлекет іс жүзінде жоқ десек те болады. Палестиндіктер, Хезболла, әлемнің түрлі арнайы қызметтері, Израиль, АҚШ, Ресей, Франция, ішкі топтармен тығыз байланыстағы мемлекеттер шағын ғана елді кішкентай бөлшектерге бөлуде.

Жоғарыда айтылғандай, орталықтандырылған мемлекет іс жүзінде ғана бар. Билік құрылымының өзі діни белгілер бойынша бөлшектелген. Ал Ливан есте жоқ ескі заманнан сауда мен гүлдену орталығы ретінде белгілі еді. П.Коэльо өзінің «Бесінші тау» деген кітабына дәл қазіргі Ливан аумағын сипаттаған болатын», - деп жазды саясаттанушы Facebook парақшасында.

Оның пайымынша, саяси процесті «ливанизациялау» кез келген мемлекетте орын алуы мүмкін ең жаман нәрсе.

«Біз қандай қорытынды шығаруымыз керек? Зерделеп, саралап, қорытынды шығарып, біздің жағдайымыз үшін теріс сәттерді жою қажет. Орталықтандырылған мемлекет (Қазақстан) біздегі позитивті дүние. Бұл аспектіні сақтап, дамыту керек. Иә, мемлекетімізде де көптеген ақау, кемшілік бар. Бірақ, бұл біздің мемлекетіміз. Демократия мен пікір плюрализмін дамыта отырып, мемлекеттік позицияда нық тұруға тиіспіз. Бізге демократия керек. Бұл - қоғамды жайластырудың әмбебап моделі. Алайда, демократияға қарай ілгерілеу мемлекеттік құндылықтарды құнсыздандырмауы тиіс. Саяси көзқарастар мен қоғамдық артықшылықтардан жоғары (мемлекеттік) құндылықтар болуы керек. Билікке әлеуметтік трансформация мен саяси реформалар жүргізу қажет», - деді ол.

Саясаттанушы халықтың әл-ауқаты мемлекеттілікті сақтаудың ең маңызды элементі екендігін баса айтады.

«Кедейлер мемлекеттік институттарды қажетсінбейді. Теңсіздік кез келген нигилизмнің қайнар көзі саналады. Сондықтан еліміздегі адамның даму индексін арттыру қажет», - деді Ерлан Саиров.

Еске сала кетейік, 4 тамызда Ливанның әскери-теңіз күштері (ӘТК) базасына жақын Бейрут порты ауданында жойқын жарылыс болды.

Жарылыс салдарынан Қазақстанның СІМ Ливандағы Қазақстанның дипломатиялық миссиясы ғимаратына зиян келген. Жарылыс кезінде дипломатиялық миссияның қызметкерлері жұмыс күні аяқталғаннан кейін жұмыс орнынан кетіп қалған.

Консул жұмыста қалған болатын және жарылыс толқыны салдарынан жеңіл жарақат алды.

Бұған дейін хабарлағандай, 5 тамыз күні Бейрут уақытымен сағат 00:30-да Ливанның Денсаулық сақтау министрі Мұхаммед Хасан жарылыстан қаза тапқандар саны 70-ке жеткенін, 4 мыңға жуық тұрғын жарақат алғанын мәлімдеді.

Әлем елдерінің, халықаралық ұйымдардың басшылары мен премьер-министрлері 4 тамызда Ливанның әскери-теңіз күштері (ӘТК) базасына жақын Бейрут порты ауданында болған жарылысқа байланысты Ливан халқына көңіл айтып, шұғыл көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

5 тамыз күні жарылыстың себебі анықталды. Билік мәлімдемесіне сәйкес, аммоний нитратының үлкен партиясы (аммиак селитрасы деп те аталайды) портта ұзақ уақыт сақталып, қауіпсіздік талаптары сақталмаған.


Соңғы жаңалықтар