Ерлан Нұрғалиевтің ерлігі - табиғат пен жан-жануарлар әлемін қорғау миссиясының символы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің екі қолы қанағатты ұмытқан браконьерлердің жағасында кетті. Адалдықтан айнымай, ажалдан қаймықпаған ұлын бүгін де бүкіл ел жоқтап отыр. Ерлан Нұрғалиев пен оның серігі Петр Ницыктың ерлігі - табиғат пен жан-жануарлар әлемін қорғау миссиясының символы болып қалары сөзсіз.

Елбасының Жарлығымен бүгін қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін браконьерлермен алысқан марқұм Нұрғалиев Ерлан Балғабекұлы мен Ницык Петр Алексеевичке ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені берілетін болды. Осы ретте түз далада браконьерлермен алысқан екі инспектордың оқиғасы мен ерлігін оқырманның есіне сала кетуді жөн көріп отырмыз.

Оқиға қалай басталды

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары Қарағанды облысының Нұра ауданының аумағына рейд жүргізу барысында атып алынған 5 киікті табады. Киікті атқан адамдардың ізіне түскен инспекторлар мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ екі көлікті қуып, оның бірін тоқтатқан. Автокөлікті тексеру барысында белгісіз адамдар қарсылық көрсеткен. Соның салдарынан бір инспектордың жағы сынып, пышақ жарақатын алса, екінші инспектордың миы шайқалып, ес-түсінен айырылып қалған.

«Инспекторлар көліктердің бірін тоқтатқан кезде одан үш адам шығып, қарсылық көрсеткен. Олар П.Ницык пен Е.Нұрғалиевті соққыға жыққан. Сонымен қатар олар инспекторлардың көлігінің кілті мен GPS құрылғыларын алып кеткен. Осы әрекеттері арқылы олар инспекторларды өлім ауызында қасақана қалдырған. Ницык бірінші есін жиып, ес-түссіз жатқан Нұрғалиевті көрген. Содан кейін радио арқылы екінші экипажға хабар берген», - деді ҚР АШМ ресми өкілі Сәкен Қалқаманов.

Ақыры, дәрігерлер құтқара алмай, Ерлан Нұрғалиев ажал құшады.

Инспектордың өлтірілуі мен браконьерлердің шектен тыс бассыздығы қоғамды бей-жай қалдырған жоқ. Әлеуметтік желілер мен БАҚ бұл мәселені жарыса жазып, мемлекеттік органдар да тіл қатты. Тіпті ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров Қарағанды облысында браконьерлермен қақтығыста зардап шеккен инспекторлар бойынша істі жеке бақылауына алды.

Тергеу қалай жүрді?

«Полиция департаменті осы ауыр қылмысты жасаған күдіктілерді анықтау бойынша жедел іздестіру шараларын жүргізуде. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының қызметкерлері жергілікті полицияға көмек көрсету үшін Қарағанды облысына аттанды. Қысқа мерзімде бұл қылмыстың беті ашылатындығына сенімдімін. Яғни күдіктілер анықталып, қамауға алынады», - деген еді Бас прокурордың орынбасары Алексей Лукин.

Қоғам тарапынан «инспекторды өлтірген браконьерлер ықпалды адамдар болып, жазадан құтылып кетпес пе екен?» деген секемнің де болғаны құпия емес. Алайда арада көп өтпей, ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев сол іске қатысты браконьерлердің барлығы анықталғанын хабардар етті.

«Аталған факт бойынша Қарағанды облыстық полиция департаменті Тергеу басқармасымен ҚР ҚК 99 бабы 2 тармағында көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні кешенді тергеу шараларының нәтижесінде аталған қылмысты жасауға қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Қазіргі уақытта оларды ұстауға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Алмас Садубаев.

Бұқаралық ақпарат құралдарында жарақат алған инспекторды ауруханаға жеткізуге көп уақыт кетті деген ақпарат тараған болатын. Осы орайда тілшілер тарапынан Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа «табиғат қорғау инспекторларын ауруханаға авиациямен неге тасымалдамады?» деген сауал қойылды.

«Қылмыскерлер оқиға орнынан қашқан кезде инспектор көлігінің кілтін алып кеткен және олардан навигаторды тартып алған. Сондықтан инспекторлардың екінші көлігі жарақат алғандарды бірден таба алмады. Осыған байланысты соққыға жығылған инспекторды ауруханаға жеткізгенше, біраз уақыт кетті. Күн райына байланысты тікұшақты әуеге көтере алмадық. Яғни, ТЖ тікұшағын пайдалана алмадық, себебі қолайсыз ауа райына байланысты бізге рұқсат берілмеді», - деді министр.

Оқиға орын алғаннан кейін араға апта салып, инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты күдіктілер ұсталды.

«Бүгін ІІМ Қылмыстық полиция департаменті қызметкерлерінің Қызылорда облысындағы арнайы операциясының нәтижесінде жеке үйлердің бірінен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Нұрғалиев Ерлан Балғабекұлының өлтірілуіне қатысты үш күдікті ұсталды», - деп хабарлады ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің үшеуі де уақытша оқшаулағышқа қамалған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары әлі де жалғасуда.

Мемлекеттік марапатқа лайық...

Ерлан Нұрғалиевтің сын сағатты ерлігі халықты да, халық қалаулыларын да бей-жай қалдырған жоқ. Осыдан бірнеше күн бұрын Мәжіліс депутаттары инспектор Ерлан Нұрғалиевке «Халық қаһарманы» атағын беруді ұсынған болатын.

«Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің қазасы қоғамның бітеу жарасындай болып сыздап жатқан осындай проблемаларын ашып, жария етті. Өмірінің соңына дейін антына адал болып, мемлекеттік қызмет кезінде шәйіт кеткен арысымыз Ерланды бүкіл қоғам, жұртшылық болып жоғары мемлекеттік наградаға ұсынуда. Тіпті еріктілер қаһарман ұлды мәңгі есте қалдыру үшін оның дала еркесі құралайды құшақтап тұрған суретінің негізінде ескерткіш тұрғызу үшін қаржы жинауды бастап та кетті. Мұның бәрі халықтың қаһарман ұлының ерлігін жоғары бағалайтынын көрсетеді. Қарақшылармен шайқаста батырлық көрсеткен Ерланның серігі П.А.Ницык те мемлекеттік марапатқа лайық деп есептейміз. Мәжілістегі «Халық коммунистері» Фракциясының мүшелері, жұртшылықтың пікіріне қолдау білдіре отырып, өз өмірін туған жері мен туған табиғатын қорғау кезінде қанды қол қарақшылардың қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевке «Халық қаһарманы» атағын беруді ұсынады және оның есімін мәңгі есте қалдыру бойынша тиісті шаралар қабылдауды сұраймыз. Марқұм Ерлан Нұрғалиев сын сағатта, соңғы демі үзілгенше антына адал күйінде қалды. Ерланның өмірі өскелең ұрпақ үшін жарқын үлгі», - деген еді Жамбыл Ахметбеков.

Халықтың да, халық қалаулыларының да өтініші бүгін орындалып, марқұм Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкқа ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені беріліп отыр. Ақорданың Фейсбуктегі парақшасында марапатталған табиғат қорғау инспекторлары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыктың наградаларының суреті жария етілді.

P.S. Ерлан Нұрғалиев өз ерлігімен, адалдығымен ұрпаққа үлгі көрсетіп кетті. Елім деген есіл ердің есімі ел жадында сақталары хақ. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын...

Соңғы жаңалықтар