Ерлан Қошанов: Ұлытауды елімізге ғана емес, әлемге танытқымыз келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімдігі Ұлытау өңіріне келетін туристердің санын арттыру үшін ең алдымен жол жөндеу жұмыстарына маңыз беріп отыр. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Қарағанды облысында іске асырудың бірінші жылын қорытындылаған өңір басшысы Ерлан Қошанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тарихи тұрғыдан мынадай түсінік қалыптасып қалды: Қарағанды десе көп адамның ойына әсіресе шахтасы, индустриямен бірге КарЛАГ, репрессия түседі. Міне, осы түсінікті біз бұзсақ дейміз. Себебі, Қарағанды облысы Ұлытаудың арқасында Қазақ мемлекеттілігінің алтын бесігі деген мәртебеге ие болғанын қалаймыз», - дейді Ерлан Қошанов.

Өңір әкімі өзінің жастық шағы Ұлытау аймағында өткенін еске алды. Айтуынша, жас кезінде үлкен ақсақалдар «Егер солақай жүйенің қолы жетпеген бір жері болса - ол қаймағы бұзылмай, қалпында қалған Ұлытау» деп айтып отырады екен.

«Ұлытау - ұлылар жолы, хандар жолы, қазақ халқының тағдыр жолы. Ұлытау қазақтың басын біріктірген қасиетті мекен. Елбасы бұдан біраз жыл бұрын Ұлытаудың баурайында берген сұхбатында «Ұлытау қазақ елінің көне заманынан бергі тарихи және саяси кіндігі» деп атап көрсеткен болатын. Біз Ұлытауды елімізге ғана емес, әлемге танытуды жоспарлап отырмыз. Себебі, Ұлытау - әлемдік деңгейде биік орын алуға лайықты қазақтың інжу-маржаны», - дейді Ерлан Қошанов.

Облыс басшысының айтуына қарағанда, Ұлытауды әлемге танытуға қарағандылықтар ғана емес, барша қазақстандықтар атсалысуы керек. Себебі, Ұлытау - елге көрсетуге лайықты тарихи мұралары өте көп өңір.

«Ол үшін не қажет? Әрине, өңірге ең алдымен, мықты, дамыған инфрақұрылым керек. Өйткені, Ұлытаудың басты мәселесі - жолдың қашықтығы және сол баратын жолдың өте қиындығы. Сондықтан, біз әуелі жұмысты автожолдарды жөндеуден бастадық. Осы мақсатпен 5 млрд теңге қаржыға былтыр басталған Қарағанды-Жезқазған жолын жөндеу жұмыстарын біз биыл толық аяқтаймыз. Егер былтыр осы жолмен жүріп өтудің уақыты - 7-8 сағат болса, қазір 4,5-5 сағаттың ішінде жүріп өтесіз. Сол сияқты биыл біз Алаша хан, Жошы хан кесенелеріне, Хан Ордасы мен Алтын шоқы тарихи орындарына апаратын жалпы ұзындығы 100 шақырым жолды жөндеу жұмыстарын бастадық», - дейді өңір әкімі.

Оның айтуынша, жолдың қиындығына қарамастан, былтыр Ұлытауға 11 мыңға жуық турист барған.

«Ал бұл өңірге жылына кем дегенде 50 мыңға жуық туристі қабылдауға мүмкіндік бар. Біздің мақсатымыз - туристердің санын осы межеге жеткізу үшін барлық жағдайларды жасау», - деп түйді Ерлан Қошанов.

Соңғы жаңалықтар