Ерлан Қошанов Мәжіліске дайындықсыз келген министрліктер өкілдеріне ескерту жасады

None
Фото: parlam.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның жалпы отырысына министрліктердің өкілдері дайындықпен келуін талап етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Отырыс кезінде кейбір министрліктердің өкілдері депутаттардың сауалына толық жауап бере алмады.

«Кейбір министрліктердің өкілдеріне ескеру айтқым келеді. Жалпы отырысқа дайындалып келу керек. Қол астындағы адамдардың қолдарыңызға жазып берген анықтамасын оқып беру қажет емес. Осы сұрақтардың барлығы бұған дейін жұмыс тобында, комитеттің отырысында талқыланды. Енді осы жалпы отырыста қаралатын тақырыпты егжей-тегжейлі біліп тұруларыңыз керек қой. Үкіметтің өкіліне де осы ескерпені айтамын», - деді Е. Қошанов.

Осы орайда Мәжіліс төрағасы бұл ескертуді Премьер-Министрге жеткізуді тапсырды.

«Егер осында дайын емес министрліктердің өкілдері болса, онда орнына басқа адамдар келсін», - деп ескертті Ерлан Қошанов.







Фото: www.parlam.kz

Соңғы жаңалықтар