Ерлан Қошанов көпбалалы отбасыларға қандай көмек көрсетілетінін айтты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында көпбалалы аналармен кездесулер өткізілгеннен кейін әлеуметтік көмек көрсету шараларын арттыру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы аймақ басшысы Ерлан Қошанов өңір тұрғындарымен есеп беру кездесуі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарына әрқашан қолдау көрсетеді. Облыс бюджетінің 50%-дан астамы әлеуметтік салаға бағытталады. Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасын орындау аясында облыстық бюджеттің барлық мүмкіндіктерін зерделеп, біз мемлекеттік қолдау шараларының ауқымын кеңейту жөнінде шешім қабылдадық», - деді облыс әкімі.

Ол көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың жағдайын жақсартуға бағытталған 10 қадам туралы тоқталып өтті.

Көпбалалы аналарға қосымша мынадай жеңілдіктер қарастырылады: 1 маусымнан бастап қалалық көлікте тегін жүру; бастауыш сынып балалары үшін тегін ыстық тамақ; балабақшаға 50% жеңілдік беріледі.

Сонымен қатар, мектептерде ұзартылған күннің тегін топтары қарастырылған. Көпбалалы отбасынан шыққан балаларға музыка және көркемөнер мектептерінде, спорт секцияларында тегін шұғылдуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ жазда балалар мектеп жанындағы лагерлерге орналастырылады.

Колледждерде білім алуға бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінеді. Бұл 8 мыңнан астам грант беруге мүмкіндік береді.

Әкімнің айтуынша, көпбалалы аналарға өз ісін ашуға 200 грант беру жоспарлануда. Олар үшін арнайы бизнес-инкубатор құрылмақ.

Сонымен қатар, облыста отбасын қолдау орталығы ашылады, онда мамандар мен психологтар кеңес береді.

Соңғы жаңалықтар