Ерлан Қошанов «Қоғамдық бақылау туралы» заңға қатысты пікір білдірді

None
Фото: parlam.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палата отырысында қабылданған «Қоғамдық бақылау туралы» заңға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын қабылдадық. Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленді. Заң жобасы Мәжілісте ұзақ әрі ашық талқыланды. Талқылау кезінде Үкіметтен келген заң жобасы бірқатар өзгеріске ұшырады», - деді Е. Қошанов.

Оның пайымынша, құжаттағы нормалар халықтың талап-тілегіне толық сай келеді.

«Өңірлерде жұртшылықпен кездесулерде айтылған ұсыныстардың барлығы қамтылды. Бірінші кезекте, тұрғындарды әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың қауіпсіздігі алаңдатып отыр. Экологиялық ахуал да аймақтағы ағайынның басты назарында. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдармен бірге, квазимемлекеттік ұйымдардың да қызметін қадағалауға мүмкіндік туып отыр. Заң жобасына петициялар институты да енгізілді. Енді 50 мың азамат петицияға қол қойса, мемлекеттік органға мәселені қарау міндеттеледі. Міне, осылардың бәрі заңға енгізілді», - деді Мәжіліс төрағасы.

Спикер осы заңнама арқылы азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге араласуына тең мүмкіндік беру жолында нақты қадам жасалғанын атап өтті.

«Бір сөзбен айтқанда, ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл заң жобасы Президентіміздің реформаларымен толық үндесіп тұр. Реформалардың басты принципі – азаматтардың елдегі қоғамдық-саяси өмірге еркін араласуына тең мүмкіндік беру. Құрметті депутаттар, бүгін осы заңды қабылдау арқылы біз бұл мақсатқа жету үшін нақты қадам жасадық», - деді Е. Қошанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» заң мен ілеспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Бұл тұрғыда мемлекеттік органдардың петицияны қарау мерзімі қысқартылмақ.
Соңғы жаңалықтар