Ерлан Қошанов: Ата-бабамыздың ерлігі мәңгі есте қалады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласында Жеңіс күні мерекесі кең ауқымда атап өтілді. Соғыс ардагерлерін мерекемен облыс әкімі Ерлан Қошанов құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандыда Жеңістің 74 жылдығы «Батырларға тағзым» шеруінен басталды. Мыңдаған қарағандылық ата-бабаларының портреттерін қаланың басты көшелерімен алып өтті.

Шеруден кейін «Мәңгілік алау» мемориалында митинг-реквием болды. Жиналғандар қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен және қару-жарақтан бірнеше дүркін оқ атумен еске алды. Ажал құшқан қарағандылық-жауынгерлердің рухына тағзым етіліп, мемориал алдына гүл шоқтары қойылды.


Ерлан Қошанов әр отбасының тарихы Екінші дүниежүзілік соғыспен байланысты екенін айтты.

«Еліміз үшін Жеңістің бағасы өте қымбатқа түсті. Ол қаншама сынған тағдырлар мен қайғы-қасіретпен келді. Мына тұрған біздер, ержүрек аталар мен аналардың ұрпақтарымыз. Олар біздерге нағыз отансүйгіштік пен патриотизмнің қандай болатынын көрсете білген үлгі тұтар жандар. Өкінішке орай, сұрапыл соғыс жылдары ерлік танытқан батырларымыздың қатары азайып барады. Алайда, біз оларды мәңгі есте сақтаймыз және болашақ ұрпаққа айтып отырамыз», - деді облыс басшысы.

Бұл күні қарағандылықтар Нұркен Әбдіровті еске алып, оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Биыл облыс ұшқыш-батырдың 100 жылдығын атап өтуде. Соғыс кезінде 23 жастағы Нұркен Әбдіров өзінің ұшағын цистерналары бар жау колоннасына бағыттап, өз өмірін құрбан етті. Оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.


Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майданға 59 935 қарағандылық аттанды, оның 34 352-і оралды, 25 583-і қаза болып, 9 399-ы із-түзсіз жоғалды.

6 587 қарағандылық ерлігі үшін ордендермен және медальдармен марапатталды. 34 қарағандылық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов ардагерлер Асылхан Омарханов пен Мария Шинкевичтің үйінде қонақта болып, майдангерлерді Жеңіс күнімен құттықтады.


Мерекелік шаралар Жеңіс саябағында жалғасты. Кешке мұнда Нұркен Әбдіровтің ерлігіне арналған театрландырылған қойылым өтеді. Сахнадан ұшқыштың ата-анасына жазған майдан хатын оқиды. Көрермендер назарына сарбаздардың майданға аттануы туралы хореографиялық қойылым ұсынылады. Жеңіс күнін тойлау мерекелік отшашумен аяқталады.

Соңғы жаңалықтар