Ерлан Қошанов: Әкімдер мен шенеуніктер азаматтарымызға қожайын емес, қорған болуы тиіс

None
Фото: t.me/AMANATPartiyasy
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сот пен прокурор, полиция, әкімдер мен шенеуніктер азаматтарымызға қожайын емес, қорған болуы тиіс. Бұл туралы «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Amanat» партиясы осы 1 айдың ішінде Арқалықтан Қонаевқа дейін, Қызылжардан Қаратауға дейін, Зайсаннан Құлсарыға дейін еліміздің төрт бұрышын түгел аралап шықты. Шалғай ауылдарға дейін бардық. Елдің мұңын да, сынын да тік тұрып тыңдадық. Миллиондаған жақтастар таптық. Халқымыздың партияға үмітпен қарап, қолдап отырғанына көзіміз жетті», - деді Ерлан Қошанов «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде Мәжіліс сайлауына қатысатын 7 саяси партияның өкілдері арасында өтіп жатқан пікірсайыс барысында.

Оның атап өтуінше, партияның сайлауалды бағдарламасы – бұл нақты іс-қимыл жоспары. Оны жүзеге асыру үшін партия барлық деңгейдегі кандидаттарды ұсынып отыр. Жалпы, партия сайлауға жалған ұрансыз, бос уәдесіз түсіп жатыр.

«Сайлаушылар біздің саяси адалдығымызды бағалайтындығына сенімдіміз. Бүгінде әр уақытта бізді сынап келгендер де сенім артып отыр. Біздің барлығымызды осыдан бір жыл бұрын Президентіміз алдымызға қойған мақсат-міндеттер біріктіреді. Ашығын айтайық, жылдар бойы қордаланған, жұрттың жүйкесін жұқартқан мәселелер де көп. Халқымыз олардың шұғыл шешілуін күтіп отыр. Бірінші – халықтың тұрмысын жақсарту. Біз азаматтардың табысын арттыру үшін нақты іс-шаралар қабылдаймыз. Жұмыссыздықпен жүйелі түрде күресеміз. Екінші - жемқорлық пен әділетсіздік. Біз ұрланған, шетел асқан миллардтаған қаржыны елге қайтарамыз. Сот пен прокурор, полиция, әкімдер мен шенеуніктер азаматтарымызға қожайын емес, қорған болуы тиіс. Бұл салаға түбегейлі реформа жасаймыз. Үшінші – тәртіп пен қауіпсіздік. Халық мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақтылығы үшін, қоғам көше мен ауладағы тәртіп үшін, ата-ана оқудағы, әскердегі балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдамауы тиіс. Amanat партиясы осы түйткілді мәселелерді шешуге бар күшін салады», - деді партия төрағасы.

Қазіргі уақытта «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдері арасында пікірсайыс өтуде. Пікірсайысқа «Amanat» саяси партиясынан – Ерлан Қошанов, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан - Айдарбек Қожаназаров, «Қазақстан халық партиясынан – Оксана Әубәкірова, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан – Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан – Азат Перуашев, ал «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан» Нұрлан Әуесбаев түсіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар