Ерлан Қиясов сайлау кезінде сақталуы тиіс санитарлық талаптарды түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауда коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу талаптарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дауыс беруге арналған нысанда әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс. Әрбір сайлау учаскесінде: сайлау учаскесіне кіре берісте термометрмен келушілердің дене қызуын өлшеу; сайлаушылардың жүру бағытын көрсететін белгілер қою; сайлау комиссиясы мүшелері 3 сағат сайын маска ауыстыруы тиіс. Қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлер болуы керек. Кіре берісте және шыға берісте пайдаланылған жеке қорғаныс құралдарын жинауға арналған контейнер болуы қажет. Келушілердің дене қызуы көтерілген (37ºС жоғары) жағдайда, адамды оқшаулауға арналған жеке кабинет болуы тиіс», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бақылаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің орналасқан жері әлеуметтік қашықтықты ескере отырып, кемінде 1,5-2 метр қашықтықта орналасуы қажет. Сайлау комиссиясының мүшелеріне маска мен қолғап жеткілікті болуы тиіс. Әр 3 сағат сайын маска ауыстырылады. Кемінде 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтау, сайлау учаскесінің жұмысы басталар алдында және аяқталғанда дауыс беруге арналған кабиналарды тазалау керек. Сайлау бюллетеньдерін таратқанда тікелей байланыс орнатуға болмайды.

«Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 2021 жылғы 5 қаңтардағы жағдай бойынша тәуекелі жоғары және орташа аймақтарда (қызыл және сары аймақта) болған сайлау комиссиясының барлық мүшесі, бақылаушылар, өңірлердегі сенімді адамдар ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеруден өтті», - деді Ерлан Қиясов.

Вице-министрдің айтуынша, сайлаушыларға қажет болған жағдайда жеке қорғаныс құралдары беріледі. Жәшікті сайлаушыға дейін немесе одан кейін дезинфекциялау қажет. Әрбір сайлаушыдан кейін тасымалданатын жәшік дезинфекцияланады.

«Учаскелік комиссияның дауыс беру қорытындылары туралы хаттамаларын қабылдау кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет. Дауыс беруге арналған стационарлық және тасымалданатын жәшіктерді ашар алдында дезинфекциялау міндеттеледі», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар