Ерлан Қарин: Ұлттық кеңес жұмысына қатысты ұсыныстар көптеп түсіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру бағытында ұсыныстар көптеп түсіп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық кеңестің жұмысын үйлестіру мәселесі бойынша азаматтық қоғам өкілдерімен кеңесу қаулыға қол қойылғаннан-ақ басталып кетті. Кездесулер тіпті өткен демалыс күндері де көптеп өткізілді. Қазір де жалғасуда. Қоғамның әртүрлі сегменттеріндегі қайраткерлермен, азаматтық белсенділермен кездесулер өтіп жатыр. Әртүрлі мәселелер көтеріліп жатқандықтан, талқылауға қатысты қандай да бір қорытынды жасауға әлі ерте. Біз қазіргі уақытта Ұлттық кеңестің жұмыс форматы мен құрамына қатысты барлық ұсыныстарды тіркеп жатырмыз», - дейді Ерлан Қарин.

ҚР Президентінің кеңесшісі барлық ұсыныстар сараланып, талданатынын айтады.

«Бірақ, қазірдің өзінде құрылып жатқан Ұлттық кеңестің жұмысына қоғам қайраткерлері үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өткім келеді. Олар белсенді түрде пікір білдіріп, диалог алаңының күн тәртібіне қатысты ойларын ортаға салып жатыр», - дейді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған болатын. Оның құрамына барлық бірлестік өкілдері мен жастар енеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы осы жылдың тамыз айында өтеді.

Соңғы жаңалықтар