Ерлан Қарин: Президент жариялаған саяси реформалардың бірінші топтамасы толық жүзеге асып, 8 заң қабылданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентіңің көмекшісі Ерлан Қарин «Хабар-24» арнасындағы «Сұхбат» бағдарламасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформалардың жүзеге асуы, «Жер қатынастары» туралы заң жобасы, ауыл әкімдерін сайлау және Жер комиссиясының жұмысы туралы бірқатар сұраққа жауап берді. «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі сұхбатты оқырман назарына ұсынады.

– Ерлан Тынымбайұлы, Мәжілістің 2-оқылымында мақұлданған «Жер қатынастары» туралы заң жобасы бүгінгі күннің жаңалығы болып отыр. Бұл жерде туындайтын сұрақ: «Жер қатынастары» туралы заң жобасы қабылданып жатыр. Жер комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Жалпы осы арада қандай байланыс бар? Жер комиссиясы не істеп жатыр?

– Өте орынды сұрақ. Кейде әлеуметтік желілерде осындай сұрақтар туындайды. Тіпті кейбір азаматтардан Президенттің «Жер» туралы заң жобасы Парламентке келіп түссе, онда «Жер комиссиясы не үшін құрылып, онда не талқыланып жатыр» деген сұрақтар қойылып жатады. Осыған байланысты тағы да түсініктеме беріп кеткен дұрыс деп ойлаймын. Президенттің бастамасымен дайындалған «Жер» туралы заң жобасындағы негізгі норма жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу. Ал Жер комиссиясында жерді пайдалануға қатысты өзге мәселелер талқыланып, пысықталады. Неге? Себебі осы жылдар ішінде жерді шетелдіктерге сату, сатпау жөнінде, жерді қазақстандықтарға жеке меншікке сатуға, жалға беруге бола ма деген сияқты қоғамда бірнеше мәселе талқылануда.

Алайда, дәл осы мәселелердің ішінде жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салу бойынша қоғамның да биліктің де ұстанымы бір. Президент осыны ескере отырып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 25 ақпанда өткен V отырысында мәлімдеме жасап, бұл мәселе төңірегіндегі түрлі дауға, пікір-таластарға нүкте қою қажеттігі жөнінде айтты. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев өз тарапынан біржола шешім қабылдап, Президент Әкімшілігіне арнайы заң әзірлеуге тапсырма берді. Осыған орай 12 наурызда Мемлекет басшысының арнайы Жолдауымен жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу туралы заң жобасы Парламентке жіберілген болатын.

Соған сәйкес жұмыс тобы құрылды. Бірнеше талқылаулар болды. Комитеттің бірнеше отырысы өтті. Өткен аптада заң жобасының бірінші оқылымы, бүгін, міне екінші оқылымы Мәжілістен өтті. Енді бұл заң жобасы Сенатқа түседі. Сонымен, соңғы жылдары қазақстандықтардың арасында жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге байланысты өте көп талқыланған түрлі дау-дамайларға біржола нүкте қойылып, алып-қашпа әңгімелер тыйылады деп сенеміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы заң жобасын Конституциялық тәртіпке сәйкес өзінің бастамасымен дайындатып, Парламентке жіберді, Бүгін Мәжілістен Сенатқа түсіп жатыр. Ал Жер комиссиясы жерді қазақстандықтарға сату, жалға беру және тағы да басқа жер қатынастарына қатысты туындайтын мәселелерді асықпай қарап, жан-жақты пысықтап, сарапшылардың қатысуымен толық саралап, бір шешімге келуі керек.

– Заң жобасы қабылданады, жер шетелдіктерге жалға да берілмейді, сатылмайды да. Сол мәселеге нүкте қойылады. Енді екінші мәселе, сол шетелдіктер қазақстандықтар арқылы да жерді алу мүмкіндігі комиссияның құзыретінде ме?

– Бұл мәселе Жер комиссиясында енді анықталуы тиіс. Яғни, Жер комиссиясының құрамында қоғам қайраткерлері, ауыл шаруашылығы мамандары, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Олар сенбі сайын отырыс өткізіп жатыр. Жер комиссиясының аясында осы және өзге де мәселелерді, туындайтын басқа да түйткілдерді жан-жақты пысықтап, талқылап, тиісті шешімдер қабылдайды. Бірақ жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салынатын болады. Сонымен қатар аталған заң нормасымен шетелдіктердің үлесі бар компанияларға, яғни шетелдіктердің қандай да бір қатысуымен жерді иеленуге мүмкіндік беретін жолдардың барлығына да тыйым салынатын болады.

– Енді бір сөзіңізде 25 ақпанда өткен Ұлттық кеңестің V шақырылымы жөнінде айтып қалдыңыз. Сол кезде Президент «Жер қатынастары» жөнінде заң жобасын дайындауға тапсырма берді. Бірақ одан басқа да бірқатар тапсырмалар болды. Соған қатысты қазіргі уақытта олардың жалпы орындалу барысы қалай жүріп жатыр?

– Ұлттық кеңестің әрбір отырысынан кейін Ұлттық кеңестің хатшылығы тарапынан арнайы жоспар қабылданады. Кем дегенде, сол жоспарға Президенттің 20-дан астам тапсырмасы енеді. Мысалы, V отырыс болса, бесінші жоспар қабылданады. Осы жоспарға сәйкес тапсырмалардың жүзеге асырылуын хатшылық өз бақылауына алады. Оларды пысықтап, тиісті мемлекеттік органдар оны қалай жүзеге асыратынын, тапсырмалардың қалай орындалатынын бақылап отырады.

Мысалы, Президенттің жариялаған саяси реформаларының жүзеге асуы. Бүгінге дейін Президент саяси реформалардың 3 топтамасын жариялады. 2019 жылдың 20 желтоқсанында саяси реформалардың бірінші топтамасы жарияланды. Былтыр 1 қыркүйекте Президент өзінің Жолдауында саяси реформалардың екінші топтамасын жариялады. Биыл 15 қаңтарда VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Президент саяси реформалардың үшінші топтамасын жариялады. Бірінші топтамадағы тапсырмалар бүгінде толықтай жүзеге асырылды. Саяси реформалардың бірінші топтамасы бойынша 8 заң қабылданды. Қазір екінші және үшінші топтама бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Кеше Мәжіліске Президенттің саяси реформаларға қатысты екінші және үшінші топтамасы бойынша дайындалған бірнеше заң жобасы келіп түсіп, олардың таныстырылымы өтті. Енді, соған сәйкес ары қарай да тиісті жұмыстар жалғасатын болады. Бұл заң жобаларының қатарында Саяси партиялардың сайлау кезінде сайлану шегін 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету, сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген графаны енгізу, Өздеріңізге мәлім, биыл Мемлекет басшысының бастамасымен елде тұңғыш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Осы сайлауға қатысты бірнеше заңға өзгерістер енгізіледі және аталған заң жобалары кеше Мәжіліске келіп түсті.

Енді Мәжілістің қабырғасында осындай талқылаулар өтетін болады. Мұның бәрін, яғни, қандай талқылаулар болады,қандай қосымша ұсыныстар айтылады деген мәселелерді, әрине, біз өз тарапымыздан бақылап, қадағалап отырамыз. Бұл айтып отырған өзгерістердің бәрі – үлкен өзгерістер, бетбұрысты өзгерістер. Биыл бірінші рет өткізілейін деп отырған ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы – соның айқын дәлелі. Осыған орай биыл 800-ге жуық ауыл әкімі тікелей сайланатын болады. Бұрын жанама түрде сайланған ауыл әкімдерінің өкілеттігі тоқтайды. Соған сәйкес енді әкімдер тікелей сайлау арқылы сайланатын болады. Бұл – еліміздің саяси дамуындағы айтулы оқиға, жаңа бір кезең. Енді халық тікелей өз әкімдерін сайлап, сол арқылы саяси құқықтарын кең түрде жүзеге асыруға тағы бір мүмкіндік алатын болады.

– Осы «саяси реформалар жұмыс істемейді, саяси реформалар тұралап қалды» деген сияқты пікірлер бар әлеуметтік желіде....

– Жаңа жоғарыда айтып отырғандай, әрине, бұл шындыққа сай келмейді. Себебі тағы да қайталап өтейін, Президент жариялаған саяси реформалардың бірінші топтамасы толықтай жүзеге асырылып, соның аясында 8 заң қабылданды. Атап айтқанда, саяси партияларды тіркеу үшін қажетті жақтастар санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайту, әйелдер мен жастарға міндетті түрде 30 пайыздық квотаны сайлау тізімдерінде беру, митингілер туралы мүлдем жаңа заң және 130-бапты декриминализациялау туралы өзгерістер қабылданды.

Сонымен қатар қазірдің өзінде Парламенттің қарауына екінші және үшінші топтама бойынша заң жобалары келіп түсті. Бұл – нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр деген сөз. Бұған сарапшылар, қоғам қайраткерлері кеңінен тартылуда. Сондықтан алдағы уақытта Президенттің саяси реформаларға қатысты екінші және үшінші топтамалары бойынша тиісті заң жобалары қабылданады деп үміттенемін.

– Жер мәселесіне келетін болсақ, оның заңмен бекітілетіні түсінікті. Сенаттан өтсе, Президенттің қол қоюына барғаннан кейін мәселе шешіледі. Ал енді Жер комиссиясы қандай мерзімге дейін, қай уақытқа дейін жұмыс істейді?

– 2016 жылы жарияланған мараторийдің мерзімі биыл аяқталады. Сондықтан, әрине, Жер комиссиясы, қалай болғанда да, биыл осындай шешімдерді қабылдауы керек. Жер комиссиясының негізгі мақсаты – көтеріліп отырған мәселелерді кәсіпкерлердің, жер пайдаланушыларының, қарапайым азаматтардың, ел экономикасының мүддесі тұрғысынан жан-жақты пысықтау. Біз мәселеге оның оңтайлы шешімін іздеуіміз керек. Яғни, бұл ауыл шаруашылығының дамуына тың серпін беретін, үлес қосатындай тиімді шешімдерді қабылдауымыз керек. Бұл жердегі негізгі мақсат – міне осында. Сондықтан Жер комиссиясының құрамы да соған сәйкес жасақталған. Шешім сарапшылардың, ғалымдардың, мемлекеттік органдардың, жергілікті билік органдары өкілдерінің, кәсіпкерлердің, фермерлердің, қоғамдық ұйым өкілдерінің, яғни барлық тараптардың мүдделерін ескере отырып қабылдануы тиіс. Сондықтан басты мақсат күн тәртібінде көтеріліп отырған мәселелерді жан-жақты қарастыру. Тағы да қайталап өтейін, жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу мәселесіне байланысты нүкте қойылды. Сондықтан бұл мәселені ары қарай талқылаудың, сараптаудың қажеті жоқ. Әрине, бұл заң алда Сенатта қарастырылатын болады. Бірақ жоғарыда айттып өттім, биліктің де, қоғамның да осы мәселе бойынша ұстанымы бір.


Соңғы жаңалықтар