Ерлан Қарин: Президент бастамаларын жүзеге асыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды нәтижесі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Президент бастамаларын жүзеге асыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды нәтижесі. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасындағы «Анығын айтқанда» бағдарламасында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына кеңірек тоқталды.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқан ең маңызды бастама – азаматтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталған қаражатты пайдалану мүмкіндігін беру. Бұл ақша, мысалы, тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге және басқа да мақсаттарға жұмсалады. Қазан айының басындағы деректерге сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 1 миллион 200 мыңға жуық салымшысы осы бастаманың игілігін көріп үлгерді. Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалануға 500 мыңға жуық өтініш түсіп, БЖЗҚ-дан 2 триллион теңгеге жуық қаражат берілді. Осылайша, қазірдің өзінде қарапайым азаматтар Жолдауда айтылған Президент бастамасымен берілген мүмкіндіктерді пайдаланып жатыр» деп атап өтті Ерлан Қарин.

Сондай-ақ Президент көмекшісі Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ұсынған бірқатар бастамасы туралы айтты.

«Жоғары оқу орындарына білім гранттарын берумен қатар аз қамтылған отбасы балаларына белгілі бір квота қарастыру. Сәйкесінше, Білім және ғылым министрлігі ЖОО-на 50 мың грантты бөлген болатын. Оқу орындарына түсетін талапкерлердің үш санатына 5 мың грант бөлді. Бұл - толық емес, бірінші және екінші топтағы мүгедектер және көпбалалы отбасынан шыққан балалар. Аталған шара - Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың маңызды нәтижелерінің бірі»,- дейді ол.


Соңғы жаңалықтар