Ерлан Қарин Қырғыз президентінің сөздеріне байланысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Саясаттанушы Ерлан Қарин Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаевтың сөздеріне байланысты өзінің пікірін Фейсбуктегі парақшасы арқылы білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қырғыз президентінің бүгінгі мәлімдемесі Қазақстан және оның басшылары атына күйе жағу әрекеттерін жалғастырды. Өкінішке орай, атқа кір келтіру әрекеттері күшейіп келеді. Соңғы күндері айтылған сындар ұйымдастыру сипатына ие болып, оған зиялы қауым өкілдері қосылды», - деп жазады Ерлан Қарин.

«Алайда қазақстандық ақпарат алаңда мұндай арандатушылық немесе тапсырыспен жазылған ақпараттарға жауап болған жоқ. Бұл дұрыс та, өйткені қандай да бір арандатушылықтарға бару жақсылыққа апармасы анық. Біздің елде мемлекетаралық қарым-қатынас бір сәттік ғана саяси міндеттерден әрқашан жоғары қойылып келеді»,- дейді саясаттанушы.

Ерлан Қариннің сөзіне қарағанда,  бұл тұрғыда қазақстандық дипломаттар қадір-қасиет пен сыпайылықты сақтай білді.

«Алайда болып жатқан соңғы жағдайларды байқай отырып, Қырғызстан президенті әкімшілігі қазақстандық факторды саяси технологиялық құрал ретінде пайдалануды, ал  патриоттық көңіл-күйді жасанды қоздыру арқылы  билікке үміткердің айналасына электораттарды жұмылдыру және шоғырландыруды ойластырғанға ұқсайды. Көпшілік жағдайда мемлекетаралық қарым-қатынастар саяси технологияның құрбанына жиі әрі жеңіл айналып жатады», - деп жазады Қарин.

«Бір қуантарлық жайт, Қырғыз қоғамында «ессіздікке» жол беру, жоғарыдан берілген тапсырманы мүлтіксіз орындау факторлары байқалмайды. Ең бастысы қарапайым халық бұл сайлау құйтырқылары екендігін жақсы түсінеді. Сондықтан да біз сайлау тезірек өтіп, екі бауырлас елдің саясаты тек нақты проблемалар мен күн тәртібіндегі өзекті мәселелермен айналысса екен деп үміттенеміз», - деп түйді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар