Ерлан Қарин кеше тағайындалған екі жас министрге қатысты пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қоғамда қызу талқыға түскен екі жас министр – Асхат Оралов пен Зүлфия Сүлейменоваға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік желілердегі пікірлерге сай, соңғы кадрлық өзгерістер, әсіресе жас кадрлардың басшылық қызметке орналасуы қоғам тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Осыған байланысты жаңа министрлер Асхат Оралов пен Зүлфия Сүлейменова Президенттік жастар кадрлық резервінде екенін атап өткім келеді. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылы қолға алынған болатын. Бүгінгі таңда Үкіметтің үш мүшесі Президенттік жастар кадрлық резервінің өкілдері», - деп жазды Ерлан Қарин өзінің Тelegram арнасында.

Оның мәліметінше, Президенттік жастар кадрлық резервінде 350 жас болса, соның 258-і бүгінде түрлі жауапты қызметтерге тағайындалған. Оның ішінде резервтің 34 өкілі «А» корпусының саяси және мемлекеттік қызметшілері.

«Осылайша, жас мамандарды басшылық лауазымдарға ұсыну бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда. Президенттік жастар кадрлық резерві жобасын одан әрі жалғастыру Президенттің сайлауалды бағдарламасының басымдықтарының бірі», - деп түйіндеді Мемлекеттік кеңесші.

Еске салайық, кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен Асхат Оралов Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалған болатын. Асхат Раздықұлы - ең жас министрлердің бірі. Ол 1990 жылы дүниеге келген.

Сонымен қатар, сәйкес Жарлықпен бұл уақытқа дейін вице-министр қызметін атқарып келген Зүлфия Сүлейменова Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды. Зүлфия Болатқызы да 1990 жылы дүниеге келген.

Фото: primeminister.kz


Соңғы жаңалықтар