Ерлан Қарин: Халықтың қазақша комментаторға талабы өсіп келеді

None
None
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин футболдан өткен Әлем чемпионатының матчтарын қазақ тілінде жүргізген спорт комментаторларын сынағандарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз әрине, шыңға жеттік деп айтып отырған жоқпыз. Егер жетістік болса, оны атап өтуіміз керек. Бұл біздің ұжымның, мамандарымыздың еңбегі. Себебі, біз өз әріптестерімізді бір жағынан жігерлендіріп отыруымыз қажет. Егер оларға біздің көрермендер алғысын айтып отырса (...) Менің парақшама кірсеңіз, қаншама адам жазып жатыр. Егер олар осылай алғыс-тілегін білдіріп жатса, біз оларға әрине қолдау көрсетеміз. Жігерлендіреміз», - дейді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, спорт комментаторларының қарапайым қолданыстағы сөздерді қолдануының өзіндік тактикасы бар.

«Біздің комментаторлар жұппен жұмыс істейді. Жұпталған кезде біреуі таза спорттық тілмен, ал екіншісі кішкене мүмкін жалпылама сөздерді қолдануы мүмкін. Енді қалың аудитория қарап отырғандықтан, оны қызықтыру керек қой. Сіздер Латын Америка мен басқа елдердің комментаторларын көрсеңіздер, айқайлап жатқанын көресіздер. Әрбір елде өзінің белгілі бір ақпараттық-телевизиялық дәстүрі бар. Әрбір елдің қалыптасқан талаптары бар. Біз сол талаптарға сай жұмыс жүргізуге тырыстық», - дейді ол.

Ерлан Қарин десе де ескертулер барын атап өтті. Олардың бәрі де тіркеліп отырғанын жеткізді.

«Бірақ, біз сын айтудан ешкімді жібермейміз ғой. Көршілерімізден үйрену керек. Олар осындай бірдеңе болса, тіпті жеңіліп жатқан жерде соны жеңіс қылып көрсетіп жатады. Сондықтан, біз әріптестерімізді жігерлендіріп, қайта осы жылы мақтанып отырғаным емес - біз үшін бетбұрысты жыл болды. Себебі, біздің арналардың, журналистерінің артқанын көрініп отыр. Халық қазақ тілінде жоғары деңгейде ақпарат алғылары келеді. Бұрын қазақша сөйлесе екен деп ғана айтатын едік. Қазір ол жеткіліксіз. Қазір талап өсіп келе жатыр. Осыған қуану керек», - деп түйді Ерлан Қарин.

Еске сала кетсек, бұған дейін Футболдан Ресейде өткен Әлем чемпионатын жүргізген 15 спорт комментаторының ішіндегі үздіктері анықталғанын хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар