Ерлан Қарин Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасына қатысты пікір білдірді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасының Мәжілісте қаралуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы 2021 жылы 15 қаңтарда жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы жариялаған саяси реформалардың үшінші пакетін жүзеге асыру аясында әзірленді. Заң жобасы аясында уәкілге қол сұғылмаушылық мәртебесі беріледі және оның өкілеттігі кеңейтіледі», - деп жазды Е. Қарин Telegram каналында.

Омбудсмен адамның құқығы мен бостандығына нұқсан келтіргендерге қатысты тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғау туралы өтінішхат жолдай алады.

Сонымен қатар ол мемлекеттік органдардың, өзін-өзі басқару органдары немесе лауазым иелері шешімімен және әрекеттерімен бұзылған шектелмеген адамдар тобының құқықтарын қорғай отырып, сотқа жүгіне алады. Мұнымен қоса, облыстар мен республикалық маңыздағы қалаларда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдіктері пайда болады. Олар жергілікті деңгейде адамдардың құқығы мен бостандығын қорғауға қызмет етеді.

Е. Қариннің айтуынша, осы нормаларды заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттігі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алаңында кеңінен талқыланды. Осы арқылы саяси реформалардың президенттік пакетіндегі тағы бір бастамаға қатысты шешім мәреге жетуге жақындады.

«Жалпы, Мемлекет басшысының саяси реформаларын жүзеге асыру аясында екі жылда 10 заң қабылданды. Президент белгілеген басқа да саяси бастамалар бойынша белсенді жұмыстар жалғасып келеді», - деді Е. Қарин.


Соңғы жаңалықтар