Ерлан Қарин 2022 жылы қандай маңызды жұмыстар атқарылғанын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин өтіп бара жатқан 2022 жылға қорытынды жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жыл Қазақстанның бүкіл жаңа тарихындағы ең қиын, дегенмен ең маңызды жылдардың біріне айналды. Ол несімен есте қалды? Оның басты саяси трендтері қандай? Осы жерде бірнеше сәтті атап өткім келеді. Қаңтар оқиғасынан кейін және халықаралық шиеленістің ушығу аясында қоғамда шоғырлануға деген нақты бір сұраныс қалыптасты. Және де осы сұраныс маусымдағы референдум барысында көрініс тапты. Оның қорытындысында саяси тұрғыда еліміздегі азаматтардың шоғырлануының жаңаша толығып, жаңа деңгейі белгіленді. Өз кезегінде, қараша айында өткен президенттік сайлау нәтижесі қоғам мен мемлекетте елдің мұнан арғы даму келешегіне ортақ түсінік бар екендігін көрсетті. Сондықтан өтіп бара жатқан жылдың басты саяси қорытындыларының бірі билік қоғамның шоғырлауына қолдау білдіре алды және белгілі бір жаңа деңгейге шығарды», - деп жазды Ерлан Қарин телеграм каналында.

Оның пайымынша, 2022 жылды жан-жақты реформалар жылы деп толықтай айтуға болады. Жыл ішінде Президент екі мәрте Жолдау жасап, онда қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салада түбегелі қайта құруға бастамашылық жасады. Нәтижесінде саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасы іске қосылып, конституциялық реформа жасалды. Демонополизациялау және экономиканы құрылымдық қайта құру процесі басталып, үш жаңа облыс құрылды.

«Биыл бастама жасалған және іске қосылған бұл реформалар мұнан ары алға жылжу үшін серпін береді. Сондықтан осы жылдағы президенттік реформалар келесі 2023 жылдың да саяси күнтәртібін айқындауды жалғастырады деп айтуға болады. Өтіп бара жатқан жылда қоғамдық алаңда аздаған трансформация басталды. Елдің қоғамдық-саяси өмірінде жаңа тұлғалар пайда болды, жаңа қозғалыстар мен бірлестіктер, оның ішінде партиялар өздері жайында мәлімдей бастады. Ал бірінші Ұлттық құрылтайдың шақырылуы жалпыұлттық диалогты жаңа институционалдық деңгейге шығарды. Қазақстан 2022 жылы да белсенді сыртқы саясат жүргізді. Туындаған күрделі геосаяси ахуалға қарамастан еліміз сындарлы, бірақ, бұл ретте қарқынды сыртқы саяси бағдарды жүргізуін жалғастырды. Біз өзіміздің барлық басты серіктестерімізбен өзара тиімді ынтымақтастығымызды дамыттық. Президенттің Қытай, Ресей, Түркия, БАӘ, Иран, қатар, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Франция және Өзбекстанға сапары жаһандық турбуленттілік жағдайында еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатына жаңа мазмұн берді. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің пандемия басталғаннан бергі бірінші шетелдік сапарының, сонымен қатар Рим Папасы Францисктің апостолдық сапарының Қазақстанға жасалуы маңызды оқиғаға айналды», - деді Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қарин өтіп бара жатқан жыл сарапшылық қоғамдық үшін де базалық қоғамдық құндылықтардың жаңа жүйесін іздеу төңірегіндегі басталуымен де есте қалмақ. Қоғамда жаңа құндылық матрицасын қалыптастыру үшін мемлекет еңбек идеологиясы мен ынтымақтастықты, білім беру мәдениетін, табиғатқа ұқыпты қарауды мақсатты түрде ілгерілете бастады.

«Бәлкім, осы жылдың ең сәтті идеологиялық бастамаларының бірі - біздің заманауи мемлекеттілігімізді бейнелейтін негізгі ұлттық мереке ретінде Республика күнін қайтару болған шығар. Осылайша, осы жылды қорытындылай келе мемлекеттілігіміз үшін көптеген теңдесіз сын-тегеуіріндерді еңсерумен, еліміздің жан-жақты жаңғыра бастауымен есте қалады деп айтуға болады», - деді Ерлан Қарин.


Фото: akorda.kz

Соңғы жаңалықтар