Ерлан Айтаханов Шымкенттің жаңа жылдық шыршасының шамын жақты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов салтанатты түрде мегаполистің жаңажылдық бас шыршасының шамын жақты. Əл-Фараби алаңындағы жаңажыл қарсаңындағы шараға жиналған жұртшылық Аяз Ата мен Ақшақар бастаған сан түрлі қойылымдарды тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Миллионды қаланың тұрғындарын алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтаған шаһар басшысы барша бүлдіршіндердің арманы орындалып, мақсатына жетуіне тілектестік білдірді.

«Жаңа жыл - кез келген халықтың зор қуанышпен асыға күтетін мерейлі мерекесі. Келер жыл сүйікті қаламыз үшін маңызды жыл. Ел болып, баршамыз жұмылып ТМД елдерінің мәдени астанасы жылын абыроймен атқаруға тиіспіз. Қайырымды қаламызға келетін әр турист ерекше әсер алуы керек. Бұл мерекені әсіресе кішкентай бүлдіршіндер асыға күтеді. Бүгінде елімізде балалардың тиісті деңгейде білім алуына барынша жағдай жасалып келеді. Сол білімімізді игі іске жұмсап, Қазақстанның дамуына үлес қосуымыз қажет. Ал, қайырымды болмай қайырлы істерді жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан да біз шымкенттіктер «Қайырымды қала» атауына лайық болуымыз шарт», - деді Ерлан Айтаханов.

Мерекелік шарада қала тұрғындары ертегі кейіпкерлерінің кейпіне енген үлкен қуыршақтардың қатысуымен өткен театрландырылған қойылымды және отшашуды тамашалады.

Айта кетейік, Шымкенттегі бас шыршаның биіктігі 14 метр. Ал, салмағы 3 тоннаға жуық. Бас шыршаны безендіруге жалпы ұзындығы 1 мың метр жарықшамдар мен 150 дана алтын шар, 120 түрлі ойыншық жұмсалған.

Соңғы жаңалықтар