Ерлан Әбіл: Мемқызметшілерді кәсіптік оқыту жүйесіне «жасыл экономика» қағидаттары енгізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметшілерге «жасыл», төмен көміртекті және тұрақты даму принциптері бойынша білім беру жобасын іске қосу жоспарланған. Бұл туралы академия ректоры Ерлан Әбіл Астана халықаралық форумының «Жасыл экономиканы трансформациялаудың жаңа шектері» панельдік сессиясында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерлан Қуанышұлы Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілерді кәсіптік оқыту жүйесі жаңа инновацияларды қалай енгізіп, «жасыл» экономикалық трансформацияға қол жеткізуге қандай жолмен ықпал ететінін айтты.

«Климаттық өзгерістер мен энергетикалық тұрақтылыққа байланысты экологиялық күн тәртібі Еуразия континентінің кеңістігінде экономикалық және саяси қатынастардың белсенді факторы ретінде Қазақстан үшін өте өзекті болып отыр. Бұл ретте мемлекеттік басқару органдарына және мемлекеттік қызметшілерге үлкен міндеттер жүктеледі. Мемлекеттік басқару академиясы адамгершілік қасиеттері жоғары, жаңа форматтағы менеджерлерді даярлау бағытында қызмет етеді. «Жасыл экономика» қағидаттарын енгізу оқыту бағдарламаларында да, зерттеу компоненті арқылы да жүзеге асады. Осы жылы Мемлекеттік басқару академиясында «Орталық Азиядағы климаттық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін су секторында жоғары білім беруді нығайту» атты Erasmus+ жобасы басталады», – деді академия ректоры.

Сонымен қатар Ерлан Әбіл академияның мемлекеттік қызметшілерді даярлау бағытындағы жоспарларын да бөлісті.

«Мемлекеттік басқару академиясы – мемлекеттік басқаруда нексустық бағалауды оқыту көзделетін «Орталық Азия елдерінің мемлекеттік лауазымды тұлғаларын су, энергетика, азық-түлік, экожүйе ресурстарының өзара байланысын бағалауды ілгерілету бойынша оқыту» жобасының қатысушысы. Сондай-ақ биыл Академияда мемлекеттік қызметшілерге «жасыл», төмен көміртекті және тұрақты даму принциптері бойынша білім беру жобасын іске қосу жоспарда бар», – деп атап өтті ол.


Соңғы жаңалықтар