Еркін Тұқымов: Жолдау – жаңа Қазақстанды дамытудың бастамасы

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолдаудан үлкен үміт күткенімізден бастайын. Мұны мен институт қабырғасында бірқатар маңызды сараптамалық кездесулер, әлеуметтанулық зерттеулер, қоғамның түрлі салаларындағы әртүрлі адамдармен әңгімелесу барысында сездім. Сондай-ақ бұл үмітіміз ақталып қана қоймай, көптеген күмәншіл адамдардың көзқарастарынан да басым болғаны қуантады. Менің ойымша, бұл туралы Президенттің өзі де айтты, бұл реформалардың жаңа бағдарламасында бүкіл қоғамның үні естіліп, ескерілгенін, оның ҰҚСК мүшелерінің, заңгерлердің, саясаттанушылардың, тәуелсіз және мемлекеттік сарапшылардың, соның ішінде Президент жанындағы ҚСЗИ ұсынымдарын ескере отырып әзірленгенін көрсетеді»,- дейді ол.

Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысының ғасырлар қойнауынан бастау алған, жаңарумен, жаңа өмір мен үміттің басталуымен ұштасатын Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстан халқына Жолдауын жария етуінің мәні зор екенін айтты.

«Жолдаудың көпқырлы болғаны соншалықты, әр адам өзі үшін маңызды дүние тауып, назары әртүрлі жағдайға түсетіні анық. Өзім үшін маңызды 4 тармақты анықтадым:

Президент саяси реформалардың қажеттілігі мен уақтылығын нақты атап өтті. Оларды жүргізбесек тиімді экономикалық даму да, азаматтық қоғам құру да, тіпті егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді сақтау да мүмкін емес екені айтылды. Мен үшін ең маңызды месседж осы болды. Бұл әлемнің барлық дамыған елдерінің жетістігі қаланатын іргетас: инклюзивті саясат – инклюзивті экономика мен қоғамның бастаушысы.

Осы тұрғыдан алғанда, ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы жаңа Қазақстанның бастауы болды, өйткені Президенттің жаңа бастамалары мен реформаларын қамту тек билік органдарына ғана емес, сондай-ақ әрбір қазақстандыққа тікелей әсер етеді.Реформалар реформалар үшін емес, қоғам үшін, әр азамат үшін жасалуы тиіс.

Маңызы бойынша екінші тармақ Мемлекет басшысының «қарқынды өзгеріп жатқан жағдайларда елдің дамуын айтарлықтай тежейтін шектен тыс төрешілдікті жою қажет» деген тезисі болды. Жағдайға жедел ден қою керек, мұнда бюрократиялық формализмге жол берілмейді, - деді Президент.

Үшінші маңызды сәт, жүйе Президентке тұйықталмауы керек, өкілеттіктерді Парламентке ғана емес, басқа да орталық органдарға, сонымен қатар аймақтарға беру қажет деген тезис болды. Жергілікті жерлерде көбірек өкілеттіктер, құралдар мен бюджеттер берілетін болады.

Бүкіл әлемнің тәжірибесі көрсеткендей, бірде-бір билік орталықтан мәселелерді шеше алмайды, адамдарды толғандыратын барлық мәселелерді бір жерден қамту мүмкін емес. Бұл негізінен тұрмыстық мәселелер: су құбырын салу, ауылда жол салу, жергілікті мектепті жөндеу, жас дәрігерлерді, мұғалімдерді тарту, жұмыс орындарын құру және т.б. Мұнымен облыстық емес, аудандық және ауылдық деңгейлерде жергілікті билік айналысуы тиіс.

Сонымен қатар, өңірлер арасындағы ішкі өңірлік өнім көлемі бойынша алшақтық қазірдің өзінде 10 еселік мәнге жетті. Әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейінде айырмашылықтар сақталуда. Мысалы, дәрігерлер саны бойынша дамыған және артта қалған аймақтар арасындағы айырмашылық 3 есе, аурухана төсектерінің саны бойынша – 2 есе көп. Өңірлер бойынша 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту көрсеткіштері Алматы қаласында 13,9%-дан, Түркістан облысында 68,0% аралығында құбылады. Мәселен, облыс орталығына айналатын Жезқазған қаласында 2015-2020 жылдары халықтың табиғи өсімінің төмендеуі, көші-қондық кему көрсеткіштерінің ұлғаюы байқалды.

Төртінші - сайлау жүйесін одан әрі жаңғырту. Әлемдік тәжірибе пропорционалды және мажоритарлық жүйенің тандемі, яғни сайлау жүйесінің аралас моделін қолдану көбінесе ақталған және тиімді екенін көрсетеді. Аралас сайлау жүйесі: 1) өңірлік өкілдікті қамтамасыз етуге және өңірлердің мүдделерін ілгерілетуге; 2) бір мезгілде партиялық жүйені дамытуға мүмкіндік береді»,- дейді Еркін Тұқымов.

Спикердің сөзінше, 2022 жылғы ақпанда ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, ел азаматтарының 43,7% ғана саяси партияларға сенім білдіреді.

«Шын мәнінде, саяси партиялар басқа саяси институттармен салыстырғанда азаматтардың ең төменгі сеніміне ие. Алайда халық тарапынан жаңа саяси партияларға деген сұраныс бар. Респонденттердің жартысына жуығы - 48,4% - елдің саяси және экономикалық дамуына сындарлы балама ұсына алатын жаңа саяси партияны қолдауға дайын»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар