Еркін Тұқымов Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің кеңесші-елшісі болып тағайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің кеңесші-елшісі қызметіне бұрын Қазақстанның Қазан қаласындағы бас консулы лауазымын атқарған Еркін Тұқымов тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еркін Тұқымовтың Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап.

«Кездескенше, Қазан» деп айтатын кез келді. Келесі аптадан Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде кеңесші-елші ретінде қызметке кірісемін.

Қазандағы бас консул болып жұмыс істеген бір жыл екі ай жемісті болды. Президенттің сапары, үкіметаралық комисиялар, көптеген мәдени, білім беру шаралары. Осы уақыт ішінде Қазақстан мен Татарстан бір-біріне жақындай түсті деп ойлаймын!

Осы уақыт ішінде қызмет бабымен мыңдаған шақырым жол жүрдім, Ресейдің ауқымды әрі алуан түрлі екендігін, қаншама төл мәдениет, халық тұратынын көрдім: башқұрттар, марийлер, чуваштар, удмурттар. Бізді байланыстырып тұрған жайттар қаншама. Мен жылдан астам уақытта бүкіл Ресейден талай адаммен достастым. Қазанда да, Уфада да, Чебоксарыда да үйімдегідей қарсы алатынын біліп, емін-еркін келе аламын. Мен барған жердің бәрінде Қазақстанға зор құрмет әрі достасу ниетін көрдім! Бұл өте тамаша, мен осы жаңа сезімдер мен достық үшін баршаға алғыс білдіремін.

Татарстан Президенті Рустам Миннихановқа кіріп, Бас консулдықтағы жұмыс барысындағы көмегіне рахмет айтпай кете алмадым! Тіпті, Рустам Нұрғалиевичтен Иманғали Нұрғалиұлына бара жатырмын деп күлісіп те алдық», - деп жазды Еркін Тұқымов.

Еркін Валитханұлы Тұқымов 1973 жылы Өзбекстанда, Терміз қаласында туған.

1997 жылы Варшама халықаралық қатынастар институтын үздік бітіріп, 2004 жылы ҚР Ғылым академиясының Философия және саясаттану институтының аспирантурасын тамамдады.

Еңбек жолын 1997 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сыртқы саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері ретінде бастады.

2000-2005 жылдары ҚСЗИ сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі.

2005-2007 жылдары Орталық Азия демократияны дамыту қорының бас директоры болды.

2007-2008 жылдары ҚР Президенті әкімшілігінде ақпараттық-талдау орталығының стратегиялық талдау секторының меңгерушісі, Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының стратегиялық халықаралық ықпалдастық секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

2008 жылдың маусымында ҚР Сыртқы істер министрлігі Орталық Азия департаменті директорының орынбасары, кейіннен департамент директоры болды.

2010 жылғы қаңтар айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Талдау бөлімінің меңгерушісі болды.

Қазақстанның Қазандағы бас консулы лауазымына 2018 жылы тағайындалды.

Дипломатиялық дәрежесі - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ІІ сыныпты кеңесшісі.

«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар