Еркін күрестен Азия чемпиондары жеңістері жөнінде ойларын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еркін күрестен Азия чемпионы атанған Дархан Есенғали (74 келі) мен Азамат Дәулетбеков (86 келі) жеңістері жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен Дархан Есенғали Азия чемпионатының финалында жапониялық Кирин Киношитаны қапы қалдырды.

«Сәттілік серік болып, құрлықтық додада биік тұғырдан көріндім. Жанкүйер қолдауын ерекше сезіндім. Тілектес болған барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Бапкерлеріме де алғысым шексіз», - деді Дархан Есенғали.

Азамат Дәулетбеков финалда ирандық Ади Реза Каримиді тізе бүктірді.

«Құрлықтық дода мен үшін сәтті өтті. Ақтық белдесудегі қарсыласым - ирандық балуан тәжірибелі спортшы. Бұдан бұрын талай мәрте шеберлік байқасқан едік. Жеңілістер де болды. Оны алғаш рет тізе бүктірдім. Қарсыласымның ыңғайына келетін екі-үш әдісі бар. Соған түсіп қаламуға тырыстым. Осылайша екі дүркін Азия чемпионы атануға мүмкіндік туды», - деді Азамат Дәулетбеков.

Сондай-ақ, ел құрамасынан Санжар Досжанов (70 келі), Болат Сақаев (79 келі) алтыннан алқа тақты.

Ал Ризабек Айтмұхан (92 келі) пен Жүсіп Батырмұрзаев (125 келі) күміс жүлдеге ие болды.

Сондай-ақ, Рахат Қалжан (57 келі) қола алды.

Нәтижесінде медальдар кестесінде еркін күрестен Қазақстан балуандары Азия чемпионатында медальдар кестесінде бірінші орын алды.

Соңғы жаңалықтар