Еркін күрестен Азия чемпионаты: Азамат Дәулетбек ел қоржынына төртінші алтынды салды

None
Видеодан алынған кадр/ t.me/sportilinet
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Азамат Дәулетбеков (86 келі) еркін күрестен Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қаласында өтіп жатқан құрлықтық дода финалында қазақстандық балуан ирандық Ади Реза Каримимен кездесті.

Алғашқыда қарсыласы бір ұпаймен алда тұрған еді. Одан кейін Азамат қатарынан 4 ұпай еншіледі.

Нәтижесінде ол қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсіп, Азия чемпионы атанды.

Қазақстандық балуан финалға дейін сингапурлық Вэн Луенді, өзбекстандық Бобур Исломовты жеңді.

Осылайша ол төртінші алтын медальды ел қоржынына салды.

Айта кетейік, Азамат - былтырғы Моңғолиядағы сары құрлық чемпионатының жеңімпазы. Ол биыл еліміздегі маңызды бәсеке - жазғы Спартакиадада қарсылас шақ келтірген жоқ.

Қазірге дейін ел құрамасынан бүгін Дархан Есенғали (74 келі) чемпиондық тұғырға көтерілді.

Еске салсақ, еркін күрестен жарыстың алғашқы күнінде қоржынға 2 алтын, 1 қола түсті.

Енді ел құрамасынан еркін күрестен Ризабек Айтмұхан (92 келі), Жүсіп Батырмұрзаев (125 келі) финалда күреседі.


Соңғы жаңалықтар