Еркін күрес: Нұрқожа Қайпанов екі дүркін Азия чемпионы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыда күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында еркін күрес шеберлері табысты өнер көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрқожа Қайпанов 74 келі салмақта финалда ирандық Мустафа Хоссейнханимен белдесті.

М.Хоссейнхани – Азия чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған тәжірибелі балуан. Ол алғашқы үш минутта 2:0 есебімен алға шықты. Дегенмен содан кейін күш-қайратына мінген Н.Қайпанов 6:2 есебімен жеңісті жұлып алды.

Осылайша ол еркін күрестен Қазақстан қоржынына екінші алтын медальді салды.
Еске сала кетейік, Нұрқожа Қайпанов 2019 жылы Қытайда өткен Азия чемпионатында да топ жарған болатын. Былтырғы маусымнан бастап Нұрқожа олимпиадалық салмаққа ауысты.

Тағы бір қазақстандық, жас балуан Адлан Асқар 61 кг салмақта соңғы белдесуде өзбекстандық Джахонгирмирза Туробовқа есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды.

Бүгін сондай-ақ Олег Болтин 125 кг салмақта алтын жүлде үшін таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Талғат Сырбаз Азия чемпионы атанған болатын.




Соңғы жаңалықтар