Еркін күрес: Нұрислам Санаев Әлем чемпионатында екінші орын алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Будапештте күрес түрлерінен өтіп жатқан Әлем чемпионатында қазақстандық Нұрислам Санаев күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Еркін күрестен 57 келі салмақ дәрежесінде белдескен Нұрислам финалда ресейлік балуан Заур Угуевтен 3:4 есебімен ұтылды. Соңғы ұпайды иеленіп, чемпиондық атаққа бір табан жақын тұрған Санаевқа төрешілер күтпеген жерден ескерту берді. Ал қалған 13 секундта біздің спортшы ұпай алып үлгерген жоқ. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Нұрислам Санаев алғашқы белдесуде Самоадан келген балуанды жеңді. Ал 1/8 финалда 10:0 есебімен украиндық спортшыдан айласын асырды. Ширек финалда ол 11:6 есебімен Түркия өкілінен басым түсті. Жартылай финалда америкалық Томас Гилманды (11:0) жеңіп, ақтық бәсекеге жолдама алды.

Еркін күрестен ел намысын қорғап жатқан өзге балуандар жүлдеге ие бола алмады.

Айта кетейік, Санаев Азия чемпионаттарының «алтын» және «қола» медаль иегері. Ал Риода өткен соңғы Олимпиадада 12-інші орын алды.

Венгрияның Будапешт қаласында күрес түрлерінен Әлем чемпионаты қазанның 20-28 аралығында өтеді. Жарысты алғашқы болып еркін күрес балуандары бастады. Одан кейінгі күндері бозкілемге бойжеткендер шықса, доданы грек-рим күресінің шеберлері аяқтайды. Ел намысын 28 балуан қорғауда.

Соңғы жаңалықтар