Еркін күрес: қазақстандық балуандар Қырғызстанда алты медаль алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен күрес түрлерінен рейтингтік турнирде еркін күрестен қазақстандық балуандар 1 күміс, 5 қола медаль алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рейтингтік турнир қырғызстандық белгілі спортшылар Бішкекте Қожамқұл Қабаұлы мен Ратбек Санатбаевтың құрметіне өткізілді.

Сайыс барысында ел құрамасынан Сырбаз Талғат (70 келі) финалда қырғыз балуаны Орозобек Токтомамбетовке есе жіберді. Есеп – 2:3.

Ал, Мейрамбек Қартбай (57 келі), Жігер Закиров (79 келі), Азамат Дəулетбеков (86 келі) қола жүлдеге қол созды.

Сондай-ақ, бұдан бұрын еркін күрестен 97 келіге дейінгі салмақта Нұрсұлтан Азов үздік үштікті түйіндеді.

Еске салсақ, әйелдер күресінен Марина Седнева (55 келі) мен Жәмила Бақбергенова (72 келі) жеңіс тұғырына көтерілді. Ал, Ирина Казюлина (65 келі) күміс медальға қол жеткізді.

Еліміздің күрес түрлері федерациясының хабарлауынша, жылына төрт рейтингтік турнир бекітілген. Қазірге дейін мұндай жарыстар Хорватия мен Египетте өткізілсе, енді ол Қырғызстанда жалғасып отыр. Төртіншісі шілде айында Венгрияда жалауын көтереді. Балуандар рейтингтік турнирлерде ұпай жинайды. Нәтижесінде қыркүйек айында Сербияда болатын әлем чемпионатында ұпайды көп жинаған балуандар жартылай финал немесе финалға дейін бір-бірімен кездеспейді.


Соңғы жаңалықтар