Еркін күрес: Балуандарымыз әлем чемпионатын 1 «күміспен» аяқтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Будапештте өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында еркін күрес шеберлері жарысты бір күміс медальмен аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Күрес түрлері федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, еркін күрестен соңғы жарыс күні боз кілемге шыққан 97 келідегі балуанымыз Мәмед Ибрагимов жұбаныш сынында македониялық Магомедгаджи Нуровтан 2:5 есебімен ұтылып қалды. Бұл салмақта ресейлік Абдулрашид Садулаев чемпион атанды.

Осыған дейін еркін күрестен 57 келідегі Нұрислам Санаев әлемдік сынның күміс жүлдесін иеленгені туралы жазған болатынбыз. 

Еркін күрестен қорытынды есепте 4 алтынға қол жеткізген Ресей құрамасы көш бастады. Ал біздің еншімізде бір күміс медаль ғана бар.

Еркін күрес шеберлерінен кейін жарыс жолына қыздар шыққан болатын. Өкінішке қарай, әйелдер күресінен кеше ешкім жүлделі орынға қол жеткізе алмады. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова екінші айналымда канадалық спортшыдан 0:11 есебімен жеңіліс тапты. Ал бүгін  Олимпиаданың тағы бір жүлдегері Эльмира Сыздықова эстониялық Эпп Маеге қарсы жұбаныш белдесуін өткізеді.

Соңғы жаңалықтар