Еркеш Шакеев пен Бауыржан Исаев Астанаға арналған тұңғыш ән қалай жазылғаны туралы айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық танымал композитор Еркеш Шакеев пен әнші Бауыржан Исаев осыдан тура 19 жыл бұрын елорданың бейресми әнұранына айналған «Астананың алғашқы таңы» атты әннің шығу тарихы туралы көсіле сыр шертті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазақстандық музыканың танымал өкілдерінің бірегейі Еркеш Шакеевтың айтуынша, аталған ән Қазақстанның жаңа астанасының белгіленуіне орай «Азия дауысы» халықаралық фестивалінің негізін қалаушы Мұрат Ерғалиевтің жеке өтініші бойынша жазылған.

«Ол уақытта музыкалық туынды жазу туралы атқаратын ортақ жұмыстарымыз көп еді. Біз бірден келістік. Бұған қоса, біз бұл әнді Нағима Есқалиева мен жас әнші Бауыржан Исаевтың орындайтыны туралы шешім қабылдадық. Әнді өңдеуді ол жас әрі дарынды продюссер Әділ Жамбакиевке міндеттеді», - дейді композитор әннің тарихы жайлы.

Ән авторының сөзіне сәйкес, көңіл серпілтетін әннің бірінші жолы да «Астананың алғашқы таңы» деп басталған.

«Маған жасалған әрбір өтініш зор жауапкершілік артып, шабыттандыра түсетіндіктен, әннің идеясы төңірегінде біршама уақыт тұңғиық ойға берілдім. Өзге әндерден оқ бойы ерекшелендіру үшін де ең алғашқы жолына «Астананың алғашқы таңы» атты сөзді жаздым. Орамды ойлар көңіл көкжиегімді кеңейтіп өзді-өзіммен қайта-қайта шырқай бастағанымда-ақ туындының дүниеге келгенін сезе қойдым. Осыдан кейін Мұратқа қоңырау шалып, әннің дайын тұрғанын хабарладым. Әділмен кездескенше ән соңына дейін жазылып қойды. Әділ келгеннен кейін ас үйде оған гитарада шырқап беріп едім, оған бірден ұнады. Әнді өңдеушіге ұнаудың өзі де аса маңызды», - дейді ол.

Шығармашылық - өте күрделі құбылыс. Тіпті идея тым көп болып кетсе де, жұп-жұмыр туындының өзі де бұзылып кетуі ықтимал. Еркеш Шакеев бір кездері әннің кейбір тұстарын, әсіресе гитаралық солосын өзгертуді де ойлапты.

«Ән Александр Шильманның студиясында жазылды. Дыбыс режиссері өзім бірнеше жыл бойы үзеңгілесе жұмыс атқарған өз ісінің білгірі Владимир Майоров болды. Ал акустикалық гитарада солоны өзім ойнадым. Кейде гитара араласатын әннің тұсын өзгертіп жіберуге бел шеше бастағанымда Әділ мені тоқтатып, тұнық шабыттан шыққан әнге тиіскізбей қойды. Жалпы бұл әннің ерекше қасиеті - тыңдаушылардың бірден өзіне баурап алғандығында. Бәлкім, сол замандағы рухымыз, адалдығымыз бен рухани жақындығымыз сеп болған секілді», - деп пайымдайды композитор.

Мұрат Ерғалиев болса ол ән туралы не ойлады? Ол естелігі туралы да Еркеш Шакеев ерекше толғаныспен сөз қозғайды.

«Мұраттың «Еркеш, біз кеш бойы сенің әніңді тыңдаумен болдық. Біздің ойымызша, сен мінсіз туындыны дүниеге әкелген секілдісің» дегені есімде. Ұялшақ болмай-ақ қояйын, Мұраттың айтқанын сөзбе-сөз келтіріп тұрмын. Кейін естуімше, әннің тұсаукесері кезінде ұйымдастырушылар оны бірнеше мәрте қосқан екен», - дейді Еркеш Шакеев.

Хит әннің авторы «Астананың алғашқы таңы» туындысы елордаға өзі арнаған әннің соңғысы емес екенін атап өтті. Білгеніміздей, Ерекең өзбек композиторы Фарух Закировпен бірге «Өзен жағасындағы қала» атты әнді де бірге жазып шығыпты. Бұл әнді атақты «Ялла» ансамблі орындап, Астананың құрметіне өткізілген байқауда бірінші орын иеленген. Сонымен бірге, Еркеш Шакеев Нұрлан Абдуллин орындайтын «Алматыдан Астанаға дейінгі жол» атты әннің де авторы екен.

Қазіргі шығармашылығы туралы ой қозғаған композитор жаңа ән жазу бағытында үзіліс жасауға мәжбүр болғанын алға тартады. Бірақ, айтуынша, үзіліс шығармашылық дағдарыс немесе шаршауға қатысты емес екен.

«Мен өмірлік мақсатымды орындап, адамның эволюциясының шынайы құндылығына айналатын жоғары санаттағы музыкалық туындыларды жазып шығамын деген ойдамын. Осы бағытта классикалық жанрдан тыс аспапты музыка құрап шығаруға соңғы үш жыл бойы күш салып келемін. Осы күнге дейін Лондон Симфониялық оркестрі, Лондон Метрополитан оркестрі, Корольдік филармониялық оркестр, London Voices хоры, Джон Ленехан мен виолончельдің шебері Александр Бэйли сынды әлемге әйгілі өнер иелерімен, «Қазақстан Камераты» симфониялық оркестрімен, Алматы симфониялық оркестрімен, Марат Бисенғалиевтей атақты скрипкашымен бірлесе жұмыс атқардым. Жуық арада бұл туындылардың барлығы әлемдік музыкалық кеңістікке тарайтын болады», - деп уәде берді композитор.

Ал «Астананың алғашқы таңы» әнінің орындаушыларының бірі Бауыржан Исаев шығармашылық үзіліс жайлы ойлап отырмағанын айтады.

«Мен қазіргі таңда жаңа әндерді жазып, Астанада өтетін жеке концертіме даярланып жатырмын. Концерттің қашан өтетінін білмесем де, дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өз тыңдармандарымның көңілінен шыққым келеді. Қанша айтқанмен, елордада тұрып жатқаныма бес жыл болды. Жергілікті халыққа өзімді көрсетуім керек», - дейді әнші.

Бауыржан Исаевтың сөзіне сәйкес, Астана жайлы алғашқы әнге деген құрмет-қошемет жылдар санап бәсеңдемепті.

«Бірсыпыра уақыттың өтіп кеткеніне қарамастан, әнді естіген сайын шабыттана түсемін. Ол әнге байланысты ізгі естеліктерім жетерлік. Күні бүгінге дейін концерттерде маған оны орындауды сұрайды. Ойлап қарасақ, ол Астананың әнұраны болған секілді. Астананың құрметіне мереке өтсе, мені жыл сайын осы әнді орындап беруге шақырады. Туындыға деген сұраныс осы уақытқа дейін таусылмай келе жатқаны мені қатты қуантады», - дейді әнші.

«Астананың алғашқы таңы» әні Астана күнінде жыл сайын шырқалады. 1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасының Президентінің Қаулысына сәйкес, Ақмоланың аты Астана болып өзгертілді. Содан бері жыл сайын Астана күні аталып өтіп келе жатыр. Бұрын бұл мереке қалалық деңгейде 10 маусымда тойланатын. 2006 жылы Астана күні 6 шілдеге ауыстырылды.

Соңғы жаңалықтар