Еркеш Шәкеев әндерінің премьерасын Лондонда өткізбек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық композитор Еркеш Шәкеев 17 қаңтарда әндерінің әлемдік премьерасын өткізбекші. Отандық тыңдаушылар оны композитордың сайтынан онлайн режімде тамашалай алады.

Концерт Лондондағы St. Luke's соборында Лондон симфониялық орекстрі мен белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиевтің сүйемелдеуімен өтеді. Бұл туралы композитор Алматыда өткен баспасөз конференциясы барысында айтып берді.

Оның айтуынша, «Inception» атты жаңа альбомға 12 композиция енген. Бірнеше туынды атақты скрипкашы Марат Бисенғалиевпен бірге жазылған.

«Альбом 2014 жылдың жазында Ұлыбританияның үздік студиялары Abbey Road және AirStudios, музыкант Карл Дженкинстің студиясында жазылды. Туындыға атақты Александр ван Инген продюсерлік етті. Бұл менің өмірімдегі ең бақытты сәттерім десем де болады. Мен өз елімнің әлемдік аренада танылуына үлес қостым деп ойлаймын»,- деді композитор.

Еркеш Шәкеев шығармашылық шабыт келгенде 20 күн, тіпті 40 күнге дейін үйден шықпайтынын айтты.

Концертте «Inception» альбомынан бөлек бірнеше жаңа дүниелер орындалады. Оркестрге Берлин симфониялық оркестрінің дирижері Лиор Шамбадал дирижерлік етеді.

Соңғы жаңалықтар