Еркек декретінің «секреті» неде? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

*  *  *

  

Бала сататын сайтқа бақылау керек! - «Оn'tu'stіk Qazaqstan» газеті

 

«Елімізде адамды саудаға салуға тыйым салынған. Алайда, ғаламторда әлі дүние есігін ашпаған нәрестелер саудасы күннен-күнге қызып барады. «Қазақ. Ру» халықаралық қазақ сервері» деп аталатын сайттағы бала сатып алушылар мен тапсырыс берушілердің ашық әңгімесі бізді бей-жай қалдырмады» деп жазады Оңтүстік Қазақстан облыстық газеті.

Мәселе «құрсақ аналар» жайында. Газеттің жазуынша, жоғарыда аталған сайтта «жатырын жалға берушінің» әңгімесі, оның қызмет құны көрсетілген. Тілші сонымен бірге, интернеттегі жасанды жолмен (ЭКО) ұрықтандыру әдісі арқылы бала тауып беретіндердің бағасына шолу жасайды. Тіпті Шымкентте солардың бірімен жолығып та көрген. Алайда кездесуге келгені жатырын саудаға салатын «құрсақ ана» емес ойнап жүріп от басқан студент бойжеткен екен, ол сатып алатын адам болса жекеменшік клиникалардың бірінде босанып, сол жерде қолхат жазып бергісі келетінін де айтыпты. Ақысы туралы да тілдескен.null

«Қалада тұрақты мекенжайым жоқ. Жатақханадан шығарып жіберді. Қазір қыздармен пәтер жалдап тұрамын. Сондықтан емханаларға да тіркеле алмай жүрмін. Бірақ, ультрадыбыстық зерттеуден (УДЗ) өткенмін. Баланың дені сау», - деген екен. Әлгі бойжеткен. Жазуынша, «баласын сатушылардың» жарнамасын әлгіндей сайттан көптеп кездестіруге болады екен.

«...тағы бір ой қылаң берді. Қоқыстан табылып жатқан бөбектер аз ба еді? Бойына бала біткенін білгеннен кейін оны жатақханадан шығарып, одан сайын тағдырын тығырыққа тірегеннен кім не ұтады? Бір тырнаққа зар болып, өмір бойы өзегі өксікке толған жандарды тауып, сәбиді соларға берген расында да дұрыс шығар... Бірақ, оның жолы қандай? Оны түсіндіретін бізде заң бар ма? Бұл мәселенің екінші жағы».

 Қудалау құрбандары һәм кеңестік сыннан сүрінбегендер - «Aq jol» газеті

null 

Газеттегі мақала қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орайластырылып жазылған. Мұндағы зерттеу деректеріне қарағанда, кәмпескелеу, қудалау мен «асыра сілтеу» науқанында басқадан гөрі нақ қазақ ұлты көбірек жапа шеккен. Мәселен, Әулиеата ауданында 1929 жылы 1,5 миллион қой болса, 1934 жылы оның 7-ақ мыңы қалды.

Кейіннен 1932 жылы «7 тамыз заңы» күшіне еніп, «бір түйір дән үшін» мемлекет мүлкіне қол сұққандарды жаппай тауып соттау басталады. Мақалада жазылғанындай, бұнда да негізінен басшылықта отырған басқа ұлт өкілдері «қудалаудан құтылып», қазақтар қоғадай жапырылған.

«Соның бірінде қыр қазағы Хамит Бекболатовтың Ақыртөбедегі интернатқа шаруашылық жөніндегі меңгеруші болып жұмысқа кіргені жазылған. Ол келе тексеру жүргізіп, интернаттағы көп былықты ашады. Алайда осыған дейін интернаттың майы мен шайын ішіп-жеп, көйлек-көншегін керегіне жаратып, тіпті қазақ балаларына сойып бердік деп, шошқаларды сатып, мұрттарын майлаған интернаттың директоры Дуванов пен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Хусаинов аман қалып, Хамит Бекболатов 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мал-мүлкі кәмпескеленеді. Бұл жерде санкцияны аудан прокуроры Сенников берсе, үкімді аудандық сот Аверкиев шығарған. Дегенмен кеңестік «халық соты» Михаил Гриневич сияқты қылмыскерлерге іш тартқан секілді. Оны Полюкович есімді жанашыры кепілдікке босатып алғаны өз алдына, тіпті кейін кассациялық өтініш арқылы қаралған Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының 1-сот алқасы (төрағасы - Мұхамеджанов, мүшелері - Есенов пен Владимиров) Гриневичтің жазасын 3 жылға дейін азайтады».

Мақалада зұлмат науқаннан «отқа да күймейтін, суға да батпайтын» «ерекше» қызметкерлер болғаны көрсетіліпті. «Соның бірі - «Қосшы» одағының Әулиеата бөлімінің меңгерушісі - Лев Моисеевич Хайкин. Ұлты - еврей. Әрине, сол шақта ауыл қазағымен жұмыс жүргізуге еврейдің таңдалып алынуы кездейсоқ емес. Тек большевиктердің туын көтеріп жүрген уездік басшы қызметкердің (айлық жалақысы - 154 сом 80 тиын) 1925 жылға дейін партия қатарына өтпей, оның себебін «кездейсоқтық, әзірге кепілдік беретін ешкім болмай тұр» деуі аярлықтай көрінеді». Бақсақ, жұрт ашаршылықтан қырылып жатқанда әлгіндей әккілер партия қатарына өтпек тұрмақ, үкіметтен айлық алып отырған екен. Автор бұл еврейдің патша дәуіріндегі дәуреніне де тоқталып, кеңес одағындағы әртүрлі сындардан сүрінбей өтіп отырғанына таңғалады. Шынында да таңғалмасқа амал жоқ.

Жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде тек оңтүстік өңірде 22 сазгер, 18 дәрігер, 23 машинист, 41 бухгалтер, 2 журналист, 8 агроном, 2 арбакеш, 18 аспаз, 2 экспедитор, 3 тракторшы, 6 солдат, 10 заңгер, 6 фотограф, 3 музыкант, 3 кассир, 3 студент, 1 кітапханашы, 26 мұғалім және басқа да мамандық иелері, барлығы 1600-ден аса азаматтар жазаға тартылған.

Бозторғай немесе патшаның суретін мешітке ілгізбеген қайраткер - «Жетісу» газеті

null 

Мақала алаштың қайсар ұлдарының бірі Барлыбек Сырттанұлы туралы болып отыр. Газеттің жазуынша, оқыған, көзі ашық Барлыбек Сырттанұлы 1891 жылдан 1908 жылға дейін патшалық Ресейге қызмет еткен. Қатардағы аудармашыдан кеңесші дәрежесіне дейін өсіп, адал қызмет етіпті. Еңбегі заматында бағаланып, бірнеше орденнің ковалері болды да.

«Бірақ, 1905 жылдан кейін Патшалық билік қызметіндегі қазақ азаматының ойы өзгеріп, саяси ұстанымы ұлттық бағытта қалыптаса бастады. Аудармашы, көптілді игерген азаматтың саяси ойының өзгеруіне себеп болған жайт - патшалық биліктің отарлық саясатының шектен тыс шығуы. «ІІ Николайдың портреті мешіттерге ілінсін!» деген бұйрыққа ашық қарсылық танытып, Верный мешіттеріне сурет ілгізбей, мұсылмандардың мүддесін қорғады».

Кейіннен Барлыбек Сырттанұлы 1907-08 жылдары Верныйда мұсылман кітапханасын ұйымдастырып, қазақ тілді басылымдарды шығарады. 1909 - 1910 жылдары Патша үкіметі тиым салған ұлтшыл ақын Міржақып Дулатұлының «Оян, Қазағымен», қазақтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалын» қазақ жастарына, верныйлық зиялыларға таратты. Бұнымен қоймай Ахметкәрім Зейнуллин екеуі бірігіп саяси жат элемент ретінде танылған Үндеу қағаздарын таратып, ел жастарын ұлтшылдыққа баулиды.

Кейіннен Алаш қозғалысы басшыларымен бірлесіп, саяси күреске түседі. Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен 1911 жылдың 13 маусымында Петерборда бүгінгі қазақтың алғашқы Конституциясы, болашақ «Алаш» партиясы мен үкіметінің жарғысына негіз болған, 4 бөлім, 28 баптан тұратын «Қазақ елінің Уставы» еңбегін жазып шығады.

«...жетпіс жылдық солақай идеологияның сеңі сетінеп, мұзы жібеген шақта Алаш қайраткерлерінің есімі аталып, жұлдызы жанды. Еңселі ескерткіштері тұғырына қойылды. Олардың есімдеріне көше, мектеп, ауыл, аудан, қала атаулары да берілді. Бәрі дұрыс дейсің де, ұзын сонар тізімнен Барлыбектің аты-жөнін іздейсің. Таппайсың! Ескерткіші тұрмақ бюсті де жоқ ғизатли арысым-ай, ұрпағыңа өкпе арта көрме!» деп аяқтапты мақаланы авторы.

Алаш Орданың қолбасшысы жатқан жерге белгі керек - «Дидар» газеті

null 

Алаш орда қолбасшысы кім? Оны жұрт біле ме? «Дидар» газетінде жарияланған мақала Хамит Тоқтамысовқа (архивтік құжаттарда Токтамышев) арналыпты.

«Полковник, артиллерист Хамит Нығметоллаұлы Тоқтамысов 1885 жылы дүниеге келіп, 1919 жылы қаза тапқан. Алаш-Орда үкіметінің соғыс министрі (1918 - 1919), 1-Алаш атты полкінің командирі (1918, июнь), Семей мен Өскемендегі әскери медреселердің жетекшісі (1918) болған адам».

Мақала авторы Нұржан Қуантайұлы өз зерттеулеріне сүйене отырып, Хамит Тоқтамысовтың Семейде 1-ші Алаш полкінің құрылғанын, оның командирі қазақ офицері, штабс-капитан Хамит Тоқтамысов екенінеске салады. Жазуынша, І жер-жаһан соғысына қатысқан капитан Хамит Тоқтамысов 1917 жылы елге оралып, сол жылдың соңында ол Алаш партиясының атқарушы органына сайланыпты, Алаш-Орданың Омбы қаласындағы партия комитетінің өкілетті мүшесі болған. Ал 1918 жылдың басында Х.Тоқтамысов Семей қаласына келеді. Сол жылы жазда оның басшылығымен Семейде, құрамында 38 офицер мен 750 жауынгері бар І Алаш полкі құрылады. Бұл полк алғашқы қазақ әскері болған. Семейдегі Хамит Тоқтамысов басқарған І Алаш полкінің атты жауынгерлері 1918-1919 жылдары әр жердегі, соның ішінде Жетісудағы (шамамен, қазіргі Алматы облысының Алакөл, Ақсу, Ескелді аудандарындағы) большевиктерге қарсы ірі әскери ұрыс-қимылдарға қатысқан.

«Алаш атты әскерінің қолбасшысы, есіл ер Хамит Тоқтамысовтың өмірі азамат соғысы аяқталар тұста үзілген. Большевиктермен соғысты тоқтатуға шешім қабылданған соң, 1919 жылдың жазында Алаш Орда әскері таратылады, ал 1919 жылдың декабрінде, 45 адамы, ішінде Хамит пен оның бала-шағасы бар, жеті арбалы керуенді Кіндікті маңында қызыл гвардия полкінің Сотников басқарған бөлімшесі қолға түсіреді. Олар тұтқындарға қандай жаза қолдануды сұрап, Семейдегі совдепке хабар жібереді. Көкпекті ауылында үш күн қамап ұстап, жауап келмеген соң, бөлімше штабы «революция атынан» деп тұтқындарды атуға алып шыққан. Көкпекті ауылының теріскейіндегі, төрт шақырым жердегі Қаракезең деген жерге айдап апарып, көр қаздырады. Барлығын атып тастап, сол жерде көмген. Көкпектінің ақсақалдары қызыл штабтан алты мұсылманның мүрдесін сұрап алып, өзен сыртындағы мұсылман зиратына жерлепті. Қалихан аға Алтынбаевтың жазуынша, Хамит Тоқтамысовтың сүйегі, үстіндегі әскери формасымен Дәуіт хазірет деген кісіден төмен қойылған екен. Дәуіт хазіреттің тікелей ұрпағы, белгілі спортшы Мұқан Ағзамов былтыр ескі мұсылман зиратынан көне көк тасты тауып, ондағы қадым жазуын мамандарға оқытқан екен. Ол тастың патша заманында Көкпекті округінің бас имамы болған Дәуіт хазіретке арналған құлпытас екені белгілі болған соң, Мұқан аға былтыр атасына арнап үлкен ас беріп, құран оқытып, жатқан жеріне ескісімен қатар жаңадан, биік құлпытас қойған еді. Міне, сол құлпытасты көрсете отырып, Мұқан аға былтыр «Қалихан ағамыз жазып кетіп еді ғой, шамамен, Хамит Тоқтамысовтың да жатқан жері - осы мөлшер», - деп, Алаш-Орда әскерінің қолбасшысы болған азаматтың басына белгі қою керек деп қозғау салды».

Әрбір қазақ идеологқа айналуы тиіс! - «Сарыарқа самалы» газеті

null 

 Облыстық газетте өңірдің ішкі саясатына жауапты қызметкердің мақаласы басылыпты. Автор павлодарлықтарға бірнеше ұстанымдарды қалыптастыру туралы бастама айтыпты. Мәселен, соның бірі қазақ тілінде сөйлеу әдетін қалыптастыру. Автор ана тілін біле тұра орысша сөйлеп кету әдетін айта отырып, осы жағдайды түзеу жолдарын ұсынады. Жазуынша, мұндағы басты жауапкершілік - ата-анада. Өйткені «Ата-ана баласын қазақша білсін деп қазақ мектебіне береді де, өзі қарым-қатынасты үнемі орыс тілінде жасайды. Бұл білім беру ұйымдарының күнделікті жүргізіп отырған ауқымды жұмыстарын жоққа шығарумен тең деп айтуға болады».

Келесі ұстаным - әлеуметтік желіде сыңарезу жазбалар қалдыратын, бірақ сонысына қарамастан үйден шықпайтын, барлық кемшілікке кінәні өзгеден іздейтін қандастарға арналыпты. Автор соңғы уақытта қолынан ештеңе келмесе де, өзгені сынауда алдына жан салмайтын «әлеуметтік желінің демократтарын» сыбап алып, қоғамдық істерде бастамашылдыққа бара бермейтін менталитетті өзгерту туралы сөз қозғапты.

Сонымен қатар, автор жерлестеріне облыстың киелі, қасиетті және тарихи орындарын аралып шығуды ұсынады. Айтуынша, Павлодар облысында 78 сакралды орын анықталған. «Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіптің кесенесі, Қоңыр әулие үңгірі, Ақкөлдегі Исабек ишан мен Жандарбек қожаның кесенелері, Шарбақтыдағы Қабылуахит хазірет кесенесі, Май ауданындағы Қалмаққырылған тауы - барлық павлодарлықтардың міндетті түрде болатын орындары деп есептейміз».

«Әрбір қазақтың киім ілгішінде ұлттық киім болсын! Бұл дәстүрлі шапан туралы емес, заманауи, ыңғайлы, ұлттық белгілері бар киім туралы. Ол киімді тек Наурызда ғана емес, достарымызбен кездескенде, тойларда, жиындарда киюге шақырамын. Төріңізде домбыра ілулі тұрсын Мақсатымыз - домбыраны шерте білетін қазақтардың санын көбейту. Оны қалай жүзеге асыруға болады? Ол үшін әрбір шаңырақта, үйде домбыра болуы керек деп ойлаймын. Ең бастысы, ол домбыраны үйренуге ынталандыру қажет. Әсіресе балалар үшін. Екіншіден, жаңадан құрылатын жас отауларға домбыраны сыйлауды ұсынамын. Ол ата-анасы ма, аға-жеңгелері ме, нағашылары ма, кім болатынын туыстары өздері шешу керек. Құрметті ата-аналар, балаларыңыздың мектеп жасында домбыра шертіп үйреніп алуын бақылауды сұраймын». Бұдан бөлек, мақала авторы әр үйде ұлттық тағам әзірлеуді әдетке айнылдыру керектігін, ауылға жиі барып тұру қажеттігін атап өтеді. «Қалалықтардың жаппай ауылға баруын ұйымдастыру үшін «Ауыл күндерін» жариялау керек сияқты. Ол күні барлық басшылар қызметкерлерін босатып, азаматтарға ауылға баруды міндеттесе тіпті жақсы».

«Осының барлығын ескере отырып, әрбір қазақты идеологқа айналуға шақырамыз. Әрбір қазақ идеологтің деңгейінде ұлттық мүддені сақтауды ойлауы тиіс. Бұл - біз үшін ұлы миссия!» деп түйіндейді автор.

 Мәмек батыр - «Сыр бойы» газеті

null 

Қызылорда облыстық газетінде Мәмек батыр туралы аңыздар, әңгімелер мен көнекөз қариялардың аузымен жеткен шежірелер беріліпті. «Мәмек батырдың атақ-даңқына қызыққан қырғыз елі оның ұрпағын қолға түсіруге әрекет жасайды. Батыр бір үлкен жиынға кеткенде қырғыз жауынгерлері Мәмек ауылына тұтқиылдан тиісіп, Сара атты жүкті әйелін және қаншама малын айдап әкетеді. Қайта оралған Мәмек елдің жағдайын көріп, қаһарына мініп атқа қонады. Қанша әрекет жасағанымен және жасының ұлғаюына байланысты әйелін қайтарып ала алмаған. Қазіргі кезде сол Сара әжеміздің ішінде кеткен баласынан өсіп-өніп отырған қырғыз елінде бір қауым «Мәмек» руы бар екен».

Айта кетерлігі, заманында әр ру батырларының белгі-мөр таңбалары болған екен. Мөр таңбасы осы күнге дейін атадан балаға ауысып, қазір Мәмек батырдың ұрпағы Әшірбай Ақтанұлында сақтаулы екен. Бұдан бөлек, кезінде Мәмек батырдың көк байрағы (туы) және қайқы қылышы болыпты. 1937-1938 аласапыран жылдары Мәмек батыр ұрпақтары жер кепенің бір қабырғасын ойып, үлкен сандыққа көк байрақты, қылышты және көптеген құран кітаптарды салып, сандықты құрым киізбен орап көмген екен. Отыз жылдан соң, яғни 1967-1968 жылдары осы жер-ау деп қаздырған. Ол жер егістік болып кеткен. Қанша әуреленсе де таба алмапты.

 

Еркек декретінің «секреті» неде? - «Арай» газеті

null 

Жамбыл облысында шығатын «Арай» жастар газетінің жазуынша, еліміз бойынша 50 мың ер азамат бала күтімімен үйде отыр екен. Газет тілшісі еркектердің декретке шығуы жиілеп баратынына назар бұрып, еркек декретінің «секретін» анықтауға тырысқан екен. Газеттің жазуынша, әйелінің орнына бала бағуға көшкен ер азаматтар саны соңғы 5 жылдың ішінде 10 есеге артыпты.

«Еңбек кодексінің 99 бабында «Бала күтіміне байланысты еңбек демалысын нәрестенің анасы, әкесі немесе заңды түрде асырап алған адам ала алады» деп анық жазылған. Әрине, анасының денсаулығы сыр берген жағдайда еркек декретке шықса түсінікті. Алайда, мұның астарында бір гәп жатқандай. Олай дейтініміз, небәрі бес жылдың ішінде декретке шыққан еркектер санының 10 есеге көбеюіне «Сананы тұрмыс билейді» деген тәмсіл түрткі болған сияқты» деп жазады газет.

Мақалада тілші осындай «секрет» иелерінің пікірін де келтіреді. Солардың бірі әйелі жұмыссыз болғаннан кейін декретті өз атына жаздырғанын, соның арқасында қазір ай сайын 32 мың теңге көлемінде жөргекпұл алатынын айтыпты. Ал егер декрет жұмысістемейтін әйелінің атына жасалса, онда ең төменгі төлем 17 мың теңге төленеді екен. Ал ресми орган не дейді?

«Бала күтіміне байланысты әйел де, еркек те декретке шығуға құқылы. Және декретке шыққан тұлғаның баланы қарайтын адамы болса, қайта қызметке шығуына да ешкім шектеу қоя алмайды. Бірінші, екінші және үшінші балаға біржолғы жөргекпұл 31,41 АЕК көлемінде, яғни 91 390 теңге төленетін болса, төртінші, бесінші балаларға 52,35 АЕК, 151 515 теңге беріледі. Бұл Үкіметтен қаралған қаржы. Енді, бала бір жасқа толғанға дейін берілетін төлемге келсек, ол әкесіне, не шешесіне берілсе де, оған тыйым жоқ. Және егер ер азамат әйелінің орнына декретке шығып, одан кейін қайта қызметке оралса да, оны тексеруге біз құқылы емеспіз. Біздің жұмыс түскен өтінішті қарап, бақылау ғана», - депті мамандар.

Мақалада түрлі пікірлер де келтірілген. Кейбір азаматтар бұны еркек үшін сын екенін айтса, енді біреулері бұған орта буынды кінәлі еткен.

«Десе де, шет мемлекеттерде әкенің декретке шығуы қалыпты көрініс. Мәселен, Ұлыбритания, Қытай, Бельгия, Финляндия, Австрия, Франция елдерінде қамқор әкелер ақылы демалыс ала алады. Ал, Швецияда баланың әкесіне кемінде бір айға дейін декреттік демалыс алу міндеттелген. Финляндияда әкелердің 66 пайызы бала күтімімен үйде отырады екен. Испанияда еркектердің жалақысы сақтала отырып, он апта көлемінде бала бағуға демалыс беріледі».

Түлектер мектепке «пижамамен» келді. Бұл не қылған әдет? - «Қостанай таңы» газеті

null 

«Қостанай таңы» газетінің жазуынша, өңірдегі орта мектептердің бірінде түлектер сабаққа 24 мамырда, яғни оқудың соңғы күні жатын киіммен келіпті. Жазуынша, бітіруші түлектер осы қылықтары арқылы сүйікті мектептерін естерінде ерекше естелікпен қалдыруды жөн санапты.

«Былтыр біздің қаламызда мұндай қызықты амалды іске асырған мектептер бар. Біз де оқушы кезімізден осындай естелік қалдыруды шештік. Көпшілігі мұны қызықтап, бізбен үздіксіз суретке түсті. Әрине, бұл әрекетімізді құптамаған мұғалімдер де болды, - дейді бойжеткен. Жылма-жыл белең алып келе жатқан мұндай әдетке қатысты сіз қандай пікір білдірер едіңіз, құрметті оқырман?» деп жазады газет.

Соңғы жаңалықтар