Еріктілер отбасы: Андрей мен Марина Лутошкиндер волонтерлікке қалай келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Волонтерлер қызметі туралы көптеген дақпырт пен стереотиптер бар. Біреулер оның қажеті жоқ десе, кейбірі «қаржылық табыс әкелетін» іспен айналысуға кеңес береді. «Саған қажеті не?», «Не үшін?», «Ақша төлемейді ғой» деген сұрақтар кең таралған, алайда волонтерлер бұл сұрақтарға үйренген секілді. Тәжірибелі еріктілер мұндай сөздерге тіпті мән бермейді. Андрей мен Марина Лутошкиндер де – солардың бірі.

Лутошкиндер жанұясы Ақмола облысы Атбасар қаласында тұрады. Бақытты отбасы, үш баланың ата-анасы және белсенді азаматтық ұстанымы бар жандар.

Олар барлық жобаға бірге қатысады, бір-бірін қолдап, бірге дамуларына жәрдемдеседі. Олар 2014 жылы волонтерлікке келіп, «Целина» қоғамдық қорымен бірге жұмыс бастаған.

Қор волонтерлері «Самрұқ-Қазына» АҚ мен «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ тарапынан жасалған «Жеңіс» жобасына, Жас жұмысшылар Ұлттық Бірлестігінің «Zhas Project» және «Jasa» жас корпустың даму жобаларына қатысқан.

Осы шаралар аясында Андрей мен Марина оқуға қатысып, сертификат алған соң, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Атбасар қалаларында, Зеренді және Петровка ауылдарында жастарға арналған тренинг жүргізген.

Тәлімгер ретінде барлығы 9 жастар тобына жәрдемдескен.

«Жастар жылы аясында ментор-тренер ретінде дами бастадық, 2020 жылы өз бастамашыл тобымызды құрған соң, волонтер ретінде дамыдық» - дейді Марина.

Өткен жылы волонтерлік жанұя UNICEF-ке қосылып, «PlasticFree» бағдарламасына қатысқан. Бағдарламаның мақсаты – бірреттік пластикті қолдануды азайту мәдениетін тарату.

ТЖ кезіндегі карантинде медиа-волонтер ретінде жұмыс істеп, «COVID19» жобасы аясында шынайы ақпарат таратып көмектесіп жүр.

Қазіргі уақытта Лутошкиндер отбасы «Инклюзивті қоғам» атты жаңа жобасын бастап, волонтерлік қызметін жалғастыруда.

«Өткен жылдың сәуір айында «Birgemiz: Sabaqtastyq»» бағытындағы жалпыұлттық жобаларға тәлімгерлер ретінде, «Birgemiz: Asyl Mura» бойынша – жоба волонтерлері ретінде қатысуға өтінім бердік. Пайдалы әрі қызықты онлайн-оқытудан қуана-қуана өттік. Жаңа әрі өзекті дүниелерді игердік. Сондай-ақ, біздің бастамашыл тобымыз «Birgemiz: Sabaqtastyq», «Birgemiz: Asyl Mura», «Birgemiz: Taza Álem» и «Birgemiz: Qamqor» бағыттары бойынша жалпыұлттық жобалар аясындағы кіші гранттар конкурсына 6 түрлі өтінім берді. Біздің ментор-волонтерлеріміз едәуір жетістіктерге жетіп жатыр», - дейді Андрей мен Марина.

Лутошкиндер отбасы грант жеңіп алып, «Тренинг+» және «Мастер-класс» жобаларын жүзеге асыра бастады.

Білім жобалары бала тәрбиесінде көмектесуге, балалардың қажетті дағдыларын қалыптастыруға және әлеуетін жан-жақты ашуға бағытталған.


Аз қамтылған отбасынан шыққан жасөспірімдер базалық білім алып, тұрмыстық техникаларды жөндеу үшін түрлі құралдарды қолдану қабілетін игеру, және аспаздық өнерді үйрену арқылы позитивті дами бастайды.

Игерілген қабілет пен білім күнделікті өмірде қолдануға әрі болашақ мамандықты таңдауда көмектеседі.

Қазан айында отбасы «Samgay» жобасы бойынша оқуын аяқтады, бұл – «UpShift» бағдарламасы бойынша жастарға формалды емес білім беру туралы тренерлерге арналған жоба.

«Үш апта бұрын біз Андрей екеуміз «Ашық жүрек» республикалық конкурсында екі грант ұтып алғанымызды білдік. Біздің «Память» және «Тепло» атты екі жобамыз да жеңіске жетті. Екеуі де «Birgemiz: Qamqor» бағытында», - дейді Марина.

Лутошкиндердің айтуынша, ірі әлеуметтік маңызды жобалар саны күн сайын артып келеді, бастамашыл топтар мен волонтерлерге деген көзқарас да өзгеруде.

Өз қызметінің арқасында екеуі саяхаттап, қызықты адамдармен кездесіп, жаңа дүниелер үйреніп, практикалық білім алуда.

Сонымен бірге, еріктілер жобаларды жүзеге асыруда көптеген проблемаға тап болатынын да жасырмады. Алғашқы сабақтарда, мысалы, балалардың бейімделуімен қиындықтар туындайды, себебі олар ешқашан тренингке қатыспаған және ұялады.

«Есепте, қаржыландыруда қиындықтар туындайды, бірақ барлығының шешімін табуға болады. Волонтер дегеніміз – кез келген жанашыр адам. Ол сиқыршы да емес, қаһарман да емес. Ол басқаларға (адамдарға, жануарларға, табиғатқа, елге) қайтарымсыз көмек жасаудың өмірлік маңызы бар дүние екенін біледі. Волонтерлік – ең бірінші эмпатия, жан ашу және көңіл бөлу, не істей алатыныңды түсіну және көмек көрсету.

Қазір бізде волонтерді – істейтін тірлігі жоқ және тегін жұмыс істейтін адамдар деп ойлайды. Көп адамдар, әсіресе ауыл-аймақта волонтерлік туралы еш хабар жоқ. Бірақ бәрібір басқа жағынан қарау керек деп ойлаймыз. Еріктілер ақы алмаса да, салықтық төлемдер, тегін медициналық көмек, шет елге тәжірибе алмасуға бару және т.б. артықшылықтар алады. Және ең бастысы – енбек өтілі. Себебі бұл – нағыз жұмыс» - деді кейіпкерлер.


Соңғы жаңалықтар