Ерікті қоғамдық жұмысқа араласу студенттерге не береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ерікті қоғамдық жұмысқа араласқысы келген студенттерге арналған сайт 1 қыркүйектен бастап іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Волонтерлікпен айналысқысы келген әрбір жас 1 қыркүйектен бастап іске қосылатын сайтқа тіркеліп, қызмет саласын (жетім балаларға, мүгедек балаларға көмектесу, қандай да бір қайырымдылық ұйымдарына қатысу) таңдағаннан кейін ваучер алады. Олардың осы ваучермен оқу ақысын төлеуге мүмкіндіктері бар», - деді вице-министр.

Өз кезегінде ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев аталған жобаның жаңа оқу жылынан басталатынын айтты.

«Бұл жоба 1 қыркүйектен басталады. Жекеменшік, мемлекеттік университетте білім алып жатқан әрбір студент бұл жобаға қатысуға құқығы бар. Аталған сайтта өзіне ерікті тапқысы келген ұйымдар, сонымен қатар бағдарламаға қатысуға ниетті ерікті студенттер тіркеле алады. Еріктілер таңдауына ваучердің екі кредитті және бес кредитті екі түрі ұсынылады. Ерікті екі кредитті ваучерге 20 мың теңге алып, тисті бағдарламаны орындайды. 5 кредитті бағдарлама бойынша екі кредитке қарағанда көбірек жұмыс істеуге тура келеді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, сайтта бес санат болып, оған әрбір ерікті студент тіркеледі. Жалпы, бұл бағдарламамен 50 мың студентті қамту жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар