Ерік Сұлтанов: Тұңғыш Президент күні – Қазақстандағы халық бірлігі мен келісім күні

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Еліміздің әрбір азаматы үшін Тұңғыш Президент күнін мерекелеудің маңызы зор. Бұл – Қазақстандағы халық бірлігі мен келісім күні. Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов 1 желтоқсан мерекесіне орай осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2012 жылдың 1 желтоқсанында елімізде алғаш рет Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні мемлекеттік мерекесі атап өтілді. Мұндай елеулі күн Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына және мемлекетіне сіңірген орасан зор еңбегіне деген құрмет болып табылады. Ұлт Көшбасшысының тұрақты және жүйелі негізде атқарып келе жатқан өлшеусіз еңбегінің нәтижесінде Қазақстан серпінді даму жолына түсті, саяси, экономикалық және әлеуметтік, оның ішінде денсаулық сақтау саласы жаңғыртылды. ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесін атап өте отырып, Елбасымызға, мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына қосқан тарихи еңбегіне құрмет көрсетеміз», - дейді Е.Сұлтанов.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанның және Тұңғыш Президенттің айрықша жетістігі жаңа елорда – Нұр-Сұлтан қаласының салынуы.

«Өткен 22 жыл ішінде қатардағы облыс орталығының орнында қала құрылысы, сәулет саласындағы барлық әлемдік талаптарға, сондай-ақ осындай деңгейдегі және мәртебелі қалаларға қойылатын басқа да талаптарға сәйкес астаналық функциялары бар заманауи қала пайда болды. Нұр-Сұлтан тәуелсіз Қазақстанның келбетіне айналды. Елорда бүкіл республика өмірінің реңі мен қарқынын белгілейді. Елорданы көшіру Тәуелсіздік кезеңіндегі еліміздің даму барысын айқындап берген дәуірлік оқиға болды.

Н.Назарбаев президенттігінің 30 жылында Қазақстан «ұлы жетістіктерге» қол жеткізді, 1991 жылдан бастап Қазақстан экономикасы 20 есеге жуық өсті, бір жарым мыңнан астам мектеп, екі мыңнан астам емхана мен аурухана, мыңға жуық балабақша салынды, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы — 67 жастан 73 жасқа дейін өсті», - деді сенатор.

Е.Сұлтанов атап өткендей, осы жылдар ішінде елімізде 14 500 шақырым жол салынды және қайта жөнделді.

«Бұл жай жолдар емес, бетон жолдар, автобандар. Бұрын бес-алты сағатта еңсерілген жолды қазір екі-үш сағатта еңсереміз. 2500 шақырым темір жол салынды, Каспий теңізінде екі порт салынды. Бұл бағытты сақтау ғана емес, дамыту да маңызды. Автожол құрылысының кейбір жобаларына мен өзім қатыстым.

Тұтастай алғанда, егер Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Тұңғыш Президент Елбасының басшылығымен жүзеге асырылған табысты реформалар мен жетістіктер туралы айтатын болсақ, онда оларды өте ұзақ уақыт атап өтуге болады. Шынында да, бұл тарихи өлшемдер бойынша қысқа мерзім, бірақ ел осы жылдар ішінде егеменді даму жолында маңызды қадамдар жасады және айтарлықтай жетістіктерге жетті.

Менің ойымша, еліміздің әрбір азаматы үшін Тұңғыш Президент күнін мерекелеудің маңызы зор. Бұл Қазақстандағы халық бірлігі мен келісім күні. Еліміздің Тұңғыш Президенті тарихқа егемен Қазақстанның барлық жетістіктерімен байланысты Тұлға ретінде, бүкіл қызметі өз халқына қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылатын әлемдік ауқымдағы көрнекті саясаткер ретінде мәңгілікке енді.

Құрметті отандастар! Сіздерді Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын!», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты.


Соңғы жаңалықтар