Еріген қар суы үш жолды басып қалды - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы аудандарында су тасқыны салдарынан үш жолда көлік қатынасы үзілді. Олар: Ерейментау ауданының Қызылту және Бестоғай ауылдары, Атбасар ауданындағы Есенкелді ауылы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, соңғы күндері Ақмола облысының барлық аудандарында ауа температурасының көтерілуінен қар күрт ери бастады.

«Қазгидрометтің болжамына сәйкес, сәуір айының екінші онкүндігінде ауа температурасы +15-21 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Бұл егістіктердегі қардың және өзендердегі мұздың күрт еруіне әкеледі. Ақмола облысы аумағындағы су тасқыны бұрынғысынша тұрақты шиеленіс режимінде өтуде», - деді ведомстводан.

Департамент басшысы Н.Атығаевтың айтуынша, ең күрделі су тасқыны жағдайы Целиноград және Аршалы аудандарында қалыптасқан. Сондықтан 5-9 сәуір аралығында күшейту үшін облыстың аталған аудандарына департаменттен, сондай-ақ, республиканың басқа өңірлерінен, Нұр-Сұлтан қаласынан қосымша күштер жіберілді. Департамент алдын ала Атбасар және Астрахан аудандарына да қосмыша күштер жіберген болатын.

«Целиноград ауданында 7-9 сәуірде температураның көтерілуі, қардың еруі және еріген қар суының ағуының нәтижесінде Қоянды ауылындағы бес тұрғын үйді су басып, 11 адам эвакуацияланды, оның бесеуі бала. Қазіргі уақытта су басқан тұрғын үйлер жоқ», - деп атап өтті бас ақмолалық құтқарушы.

Аршалы ауданында сәуірдің 8-інде республикалық маңызы бар «Екатеринбор-Алматы» автожолынан екі шақырым жердегі (аудандық маңызы бар «Донецкое ауылы – Анар станциясы» автомобиль жолына қарай) аудандық маңызы бар жергілікті автожол учаскесінде қарғын су жайылды. Анар станциясы мен Донецкое ауылының тұрғын үйлерін су басу қаупі туындады.

Департамент басшысы атап өткендей, аталған ауылдар арқылы өтетін су өткізу каналын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде қауіптің алды алынды.

Бұдан бөлек, «Есіл өзені – Түрген ауылы» гидропостында су деңгейі қауіпті белгіден 63 см асып түсіп, су тасқыны орын алған. Белгі 513 см, ал қауіпті деңгейі 450 см. Сонымен қатар, барлық өзендер бойынша гидропостарда су деңгейінің біртіндеп жоғарылауы байқалады.

«Су тасқыны басталғаннан бері республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автожол учаскелерінде 21 су тасқыны мен бір жол төсемін су шайып кетуі тіркелді. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Ақмола облысы аумағындағы су тасқыны жағдайы жедел штабтың, жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қорғау органдарының және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің тәулік бойы бақылауында», - дейді департамент басшысы.


Соңғы жаңалықтар