ERG Павлодар облысындағы әлеуметтік маңызды жобаларға 3 млрд теңге бөлді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Еуразиялық топ пен Павлодар облысының әкімдігі 2019 жылы меморандум аясында 3 млрд теңгелік әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырмақ, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық әкімдікте Еуразиялық топ бас атқарушы директорының бірінші орынбасары Алдияр Қазтаев пен облыс әкімі Болат Бақауов 2019 жылы әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудағы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

«Еуразиялық топ әлемдегі ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі болып табылады. Топқа кіретін облысымыздағы кәсіпорындар өңіріміздің өндірістік қабілетін арттыруға зор үлесін қосуда. Топ облысымыздағы 22500 адамды жұмыспен қамтып отыр. Елбасының тапсырмасымен қызметкерлердің жалақысын көтерген алғашқы компаниялардың бірі. Көптеген жылдар бойы өңірімізде әлеуметтік саланы жауаптанып келеді», - деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Еуразиялық топтың Павлодар өңіріне әлеуметтік инвестициясының көлемі 7 жылда 17 миллиард теңгеге өсті. Олар көптеген маңызды мәселелерді шешуге септігін тигізуде. Еуразиялық топтың қолдауымен Павлодар облысында өткен жылы 50 метрлік бассейн бой көтерді. Елордамыздың 20 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында веложол салынды. Мырзашоқы тауындағы арқан жол да халық демалатын тамаша орынға айналды. Қазіргі уақытта Павлодар музейінің көрме залы, мұз аренасының құрылысы жалғасын табуда. Футболшылар мен волейболшылар дәстүрлі түрде демеушілік алуда. 2019 жылғы меморандум аясында бөлінген қаражат құрылыс пен әлеуметтік маңызды нысандардың жөндеуіне жұмсалады. Сондай-ақ, облыс көлеміндегі жолдардың жөнделуі, Ақсу қаласындағы орталық жағалауды қайта қалпына келтіру, көшелерге жарық шамдарын орнату жұмыстары қаржыланады. Жаңадан аулалардағы спорт алаңдары мен футбол манежін салу да жоспарда бар.
null

Еуразиялық топ директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич осымен 14 жыл бойы ERG облыс әкімдігімен әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін меморандум жасасып келе жатқанын атап өтті. «25 жыл осы өңірдің жұмысына араласып келемін. Өңір халқының алдында жауапкершілікті сезінемін. Біз әлі де адамдардың өмірін жақсартуға, әлеуметтік бағытты дамытуға, жастардың сапалы білім алуына үлес қосуды жалғастыратын боламыз»,- деді Александр Машкевич.

Соңғы жаңалықтар