Ерейментауда жаңа жел электр стансасы салынуда

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Ерейментау ауданында жел электр стансасының құрылысы бастау алды. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір барысында «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Ұлт Көшбасшысы «онлайн» режімінде бұл жобаға оң бағасын беріп, оның маңызы еліміз үшін зор екенін атап өтті.

«Жел стансасы жақсы жұмыс істейді деп сенемін. Сіздерді алғашқы электр стансасының іске қосылуымен құттықтаймын. Жұмыстарыңызды жалғастыра беріңіздер", - деді Елбасы өз сөзінде.

Мұндай қуаты 45 мегаваттық жел паркін салу елімізде тұңғыш рет қолға алынған екен. Оның құрылысын «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы жүргізуде. Алдағы уақытта нысанның қуатын 300 мегаваттқа жеткізу көзделген. Бұның өзі 80 мың пәтерді электр қуатымен қамтамасыз етеді деген сөз.

Бүгінгі таңда жел электр стансасының 85 метрлік 3 мұнарасы мен диаметрі 93,2 метр роторлары бой көтерген. Олардың жалпы қуаты 2050 киловатт. Нысан жел жылдамдығы секундына 3 метр болғанда да жұмыс істей алады.

Жобаға отандық және шетелдік компаниялар тартылған. Энергия қондырғы жүйелерінің барлығы өңірдің ерекше климаттық жағдайларына бейімделген. Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев өз сөзінде Елбасының тапсырмасы бойынша салынып жатқан ЕХРО-2017 нысандары жұмыс істегенде қоршаған ортаға зияны тимейтінін атап өтті.

Жел электр стансасы құрылысының жобасын жүзеге асыру қосалқы энергетиканы енгізу жолына жасалған алғашқы қадам. Бұл қоршаған ортаға зиянды заттар шығаруды азайтады. Отын мен көмірді шығындамай, жылына көп көлемде электр энергиясын өндіру өңірде электр энергиясын тасымалдау сенімділігін арттырады. Бұл жоба Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған сөзінің дәлелі болып табылады. Осынау шараға облыс әкімі Сергей Кулагин де қатысты.

Соңғы жаңалықтар