Ереванда өтетін Дельфий ойындарына Қазақстан атынан 19 адам қатысады

None
None
АСТАНА. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - Ағымдағы жылы маусымның 26-сы мен шілденің 2-сі аралығында Ереванда 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 65 жылдық мерейтойына арналған ТМД-ға қатысушы мемлекеттер жастарының VІ Дельфий ойындары өтеді, деп хабарлады Ұлттық дельфий комитетінің өкілдері.

Ойындар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің 2010 жылға дейінгі мәдениет саласындағы ынтымақтастығының негізгі іс-шаралары туралы» ТМД елдері үкімет басшыларының шешіміне сәйкес әлем халықтарының мәдени мұраларын байыту, шығармашылық байланысты, сондай-ақ мәдениет, өнер және білім саласындағы жастардың ынтымақтастығын дамыту мақсатында өткізіледі.

ТМД-ға қатысушы елдер жастарының Дельфий ойындарының ашылуы ЮНЕСКО жариялаған халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылы аясындағы басымдықты іс-шаралар қатарына қосылған.

Ағымдағы жылы ТМД-ның 10 мен 25 жас аралығындағы 1 мыңнан астам талантты өкілдері Армения астанасында бас қосып, өз елдерінің абыройын 19 аталымда қорғамақ. Қазақстан өкілдері соның 8-інде, атап айтқанда фортепьяно, скрипка, халық әнін орындау, бейнелеу өнері, сахнадағы цирк, халық биі, веб-дизайн және ди-джей аталымдары бойынша бақ сынайды.

Ағымдағы жылы еліміздің абыройын «Минута славы» халықаралық телевизиялық байқауының финалшылары Дария Әбдулақасова, Дана Рысбекова, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары әрі жүлдегерлері Мадина Адамова, Альфия Валитова, Әділжан Мұса сынды өнерпаздар қорғайды.

Соңғы жаңалықтар