Ересек қазақстандықтардың 25 пайызында біліктілігін арттыруға қаржылық мүмкіндігі жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2009-2019 жылдарда өз жұмысшыларына біліктілік курсын оқуды ұсынған ірі фирмалардың үлесі 51%-дан 42%-ға дейін төмендеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының Стратегия және жобалық басқару департаментінің директоры Александра Молчановская БАҚ өкілдеріне «Қазақстанның еңбек нарығы: жаңа жағдайдағы даму» атты тұңғыш ұлттық баяндама таныстыра отырып осындай деректер келтірді.

«Қазақстанда адам капиталы ұлттық жиынтық байлықтың 42%-ын ғана құрайды. Табысы жоғары елдерде бұл көрсеткіш – 70%. Елде жыл сайын жұмыспен қамтылғандардың орташа есеппен 5%-ы ғана кəсіби біліктілігін арттырады. 2009-2019 жылдарда өз жұмысшыларына оқу ұсынған ірі фирмалардың үлесі 51%-дан 42%-ға дейін төмендеген», - деді баяндамашы.

Оның сөзіне қарағанда ересек қазақстандықтардың біліктілігін арттыруына енжарлық пен қаржылық мүмкіндік қатар қолбайлау болып отыр.

«Жұмыспен қамтылған санаттың біліктілік дағдылары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің орташа деңгейіне жетсе, бір жылдағы жиынтық табысы 24 млрд доларға артық болар еді. Қазақстандағы 25-65 жас арасындағы ересек адамдардың 95%-ы біліктілік курсы мен оқыту жобасына қатысқысы келмейді. ЭЫДҰ елдерінде бұр көрсеткіш – 77%. Ересек адамдардың 26%-ы жұмыстарында қолдары мүлде босамайтындығын айтса, 25%-ы қосымша оқуға қаржылық мүмкіндігінің жоқтығын мәлім еткен», - дейді Александра Молчановская.

Сондай-ақ, ол Дүниежүзілік экономикалық форумның сауалнамасы бойынша алдағы 5 жылда бүгінгі қызметкерлердің негізгі дағдыларының 40%-ы өзгеретінін атады. Осылайша əрбір екінші қызметкер қайта даярлаудан өтуге мəжбүр болатын көрінеді.


Соңғы жаңалықтар