Ерекше мұқтаждығы бар балаларға білім беру шығыны 2 есе көбейеді – Президент көмекшісі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ерекше мұқтаждығы бар балаларға білім шараларын қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі екі есе ұлғайды. Бұл туралы Мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Қарин Telegram каналында жазды, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 25 ақпандағы бесінші отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Қазірдің өзінде сол тапсырмалардың бір бөлігі іске асырылды. Атап айтсақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қаржыландырудың бұрын қолданылған жан басына шаққандағы нормативі екі есеге ұлғайды», - деп жазды Президент көмекшісі.

Сондай-ақ, ол 26 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданып, ерекше мұқтаждығы бар балаларды оқытуда арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау бойынша мемлекеттік тапсырысты іске асыратын нормалар бекітілгенін еске салды.

«Мемлекеттік тапсырыс 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап іске асырылады. Көрсетілген норма ерекше мұқтаждығы бар балаларды уақытылы қолдаумен қамтудың кауқымын кеңейтеді. Сонымен қатар, осы Заң шеңберінде білім беру қызметтерін көрсету саласында жаңа тәсілдер әзірленіп, бекітілді. Атап айтқанда, жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларда ерекше мұқтаждығы бар балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің арнайы қызметтері құрылатын болады. Бұл Ұлттық кеңес аясында жүзеге асырылған үлкен жұмыстың бір бөлігі ғана», - деп жазады Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, Ұлттық кеңестің бастамаларын іске асыру аясында 80-нен астам нормативтік-құқықтық акті, оның ішінде 19 заң қабылданған.


Соңғы жаңалықтар